Анонс


Бердібек Сапарбаев Қазақ хандары мен қайраткерлерінің рухына Құран оқытты

Жұма, 28 Тамыз 2015 16:18
Бердібек Сапарбаев Қазақ хандары мен қайраткерлерінің рухына Құран оқытты KAZMUSEUM.KZ -  

Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы ауылында Қа­зақ хандығының 55O жылдық мерейтойына арналған республикалық шара­ өтті. Қасиетті Бө­кей топырағына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы келіп, бабалар рухына Құран бағыштады, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайтының тілшісі.

Бердібек Сапарбаев бастаған делегация әуелі ауыл іргесіндегі Жәңгір ханның, дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлының, көр­некті өлкетанушы ғалым Мұхамед-Салық Бабажановтың кесе­нелеріне тәу етіп, әйгілі тұлғалар­дың рухына Құран бағыштады. Бөкей ордасы ме­мориалдық музей-кешенінде болып, тарихи жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің белді тарихшылары бас қосқан «Тарих қойнауынан қазіргі заман­ға дейін» атты халықаралық ғы­лы­ми-тәжірибелік конференция­ға қатысып, облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған көрмемен танысты.

Бердібек Мәшбекұлы ғы­лы­ми-тәжірибелік конференция­да Қазақ хандығының 55O жылдық мерейтойы Елбасы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың тікелей бастамасымен және тапсырмасымен жүзеге асырылып отырғандығын қадап айтты.

- Еш­бір халық тарихсыз болмайды. Жүздеген ұлттар мен ұлыс­тар сияқты Қазақ елінің де өзіне тән төл тарихы бар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Ұлытау төрінде берген сұхбатында терең тарихымыз ғұндардан басталып, Алтын Ордада орныққандығын, одан әрі Қазақ хандығымен ұласқан­ды­ғын, тәуел­сіздік негізі сол кез­де қаланғандығын айрықша айт­қан болатын. Ру-тайпалар кезінде қазақтың өзінің тегін сақтап қалуы үшін хандарымыздың, ба­тырларымыздың жасаған ерлігін, ерен еңбегін бәріміз тарихтан жақсы білеміз. Олардың қатарын­дағы Жәнібек, Керей, Есім, Қа­сым, Тәуке, Абылай, Әбілқайыр, Бөкей, Жәңгір секілді көрнекті ел билеушілердің мұраты – елді, жер­ді болашақ ұрпаққа, яғни  бү­гінгі бізге көздің қарашығындай аман жеткізу болды. Соның ар­қа­сында қазақ халқы тарих қойна­уына жұтылып кеткен жоқ, сақта­лып қалды. Ел тарихында Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасының орны бөлек. 19-ғасырда қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей құрған, одан Жәңгір жалғастыр­ған хандық мемлекеттіліктің, эко­номиканың, өнер, білім, мәде­ни­ет­тің дамуына үлкен үлес қосты. Қазақстандағы тұңғыш мектеп, қа­зынашылық мекемесі, дәріхана және тағы да басқа көптеген халыққа қажетті нысандар осы жерде салынып, жұмыс істеді. Бөкейліктің киелі жер екендігін біз де жақсы білеміз. Бабаларымыз Исатай мен Махамбет, Сы­рым батырлар, күй атасы Құрман­ғазы, күй анасы Дина, қазақ мемлекетін құруда көрнекті рөл ой­наған қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы коммунист Ал­ма Оразбаева, қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешев секілді та­нымал тұлғалар осы өңірде туып өсті, артына ұмытылмас із қал­дырды. Олай болуы заңды. Әри­не, қазақтың қай жері де аңызға, әпсанаға бай. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 55O жылдығын өткі­зу үшін арнайы комиссия құрды. Жыл басынан бері комиссия мү­шелері барлық елді мекендерде түрлі шаралар ұйымдастырып жа­тыр. Біздің негізгі мақсатымыз – Қазақ мемлекеті тарихының те­реңде жатқандығын тек қана өз ішімізде ғана емес, дүние жүзіне кеңінен насихаттау. Тағы бір ма­ңызды мәселе – Қазақстан тек қазақтың ғана емес, осы жер­де тұратын жүздеген ұлттар мен ұлыстардың да Отаны. Олай бол­са, біздің байлығымыз – елдің бірлігі, халықтың тұтастығы, дос­тық пен ынтымақ. Сол себепті ме­рейлі датаға қатысты шаралар Ас­тана мен Алматының аясымен шектелмей, әр елді мекенде өтсін, оған сол ауылдарда тұратын түр­лі ұлттардың өкілдері қатыссын деген ұйғарымға келдік. Күні кеше Түркістан, Ұлытау, Сығанақ, Қы­зылжар өңірлерінде ғылыми конференциялар болды. Енді, міне, Бөкей ордасына табан тіреп, үл­кен халықаралық басқосудың куә­гері болып отырмыз. Осында ұйым­дастырылған мерейтойға елге та­нымал, халыққа құрметті Асанәлі Әшімов бастаған бір топ ағала­рымыз бен апаларымыз келді. Біз Қазақ хандығының қабырға­лы тойын өзге шетелдерде де өткізуге ниеттіміз. Қазіргі таңда дүние жүзінің отыз мемлекетінде елшіліктердің көмегімен Қазақ хандығына байланысты іс-шаралар өтті. Жалпы, мерейтойдың негізгі бөлігі 11 қыркүйек күні Ас­танада басталады. Сол күні түркі тілдес елдердің саммиті болады, оған сол мемлекеттердің басшы­лары қатысады. Одан кейінгі шара 9-1O қазанда Тараз қаласында оздырылады. Ол – Жәнібек пен Ке­рей алғаш ту тігіп, Қазақ хандығы­ның уығын қадаған жер. Мен осы мінберді пайдаланып, облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы бастаған бар­лық батысқазақстандық азамат­тарға үлкен алғысымды білдіре­мін. Біз бұл тойды жоғары дәре­жеде өткізуіміз керек. Сонда Ел­басымыз айтқан «Мәңгілік ел» идеясына қарай нақты қадам ба­самыз, – деді Үкімет басшысының орынбасары Берді­бек Сапарбаев.

Екі күндік мерейтойлық шара­лар республикалық ақындар айтысымен басталып, дала қызықтарымен қорытын­дыланды. Мұнда қыр басына ал­тыбақан қойылып, балуандар белдесіп, ат бәйгесі өтті.

 

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

Суретке түсірген Мират ҚОРЖЫНБАЕВ

 

Арнайы kazmuseum.kz сайты үшін

Батыс Қазақстан облысынан

2582 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper