Анонс


Алматыдағы Орталық музейдің жағдайы көпшілікті алаңдатып отыр Таңдаулы

Жұма, 28 Тамыз 2015 16:02

Алматы қаласының сонадайдан көз тартатын ең көрікті орындарының бірі – ҚР Орталық Мемлекеттік музейі ғимараты екені рас. Алатаудың баурайындағы қала келбетін көз алдыңызға елестеткенде, алып тұлғалы Абай ескерткішінің арқасында тұрған Рес­публика сарайы, оң қанаттағы 25 қабатты, алтын тәжді «Қазақстан» қонақ үйі тәрізді, көк күмбезді музейіміз де бір үйлесім тапқандай. Көркі көз жауын алатын қаламыздың ең көрікті ауданына орналасты десек те, біз бұл ғимаратты тек қана Алматыға, осы бір паң қаланың меншігіне тән дей алмаймыз. Алып шаһарстанға (мегаполис) әу баста жасқана кіріп келген сәтімізде халқымыздың сонау заманаларынан шежіресін тарқатып, күмбездер күмбірін құлағымызға әкелген, тау мен даламызды мекен еткен көне дәуір адамдарымен қоса, аң-құстары, табиғаты жайлы да әңгімелей жөнелетін ордаңыз бір шаһарға (Алматы бізді кешірсін, әрине) сыймайды-ау, сыймайды. Әрі әсем, әрі бау-бақшалы қаламыздың төрінде мемлекеттік деңгейдегі мәдениет пен өнер ордасының тұруы қаланың ғана емес, күллі Қазақстанның абыройын асырып тұр емес пе? Осындайда шетелдерден мысал іздеп кететін байырғы бір мінезімізге салсақ та, Германияның әрбір миллион тұрғынына 66 музей, ал Ресейде 18, үлкен қалаларында 33 музейден келеді екен. Санкт-Петербургте 200, тұрғындары Алматымен қарайлас Прагада 86, Будапештте 129 музей бар екен. Ендеше, Алматы сияқты текті де, тәкаппар қала үшін бас-аяғы республикалық мәртебесі бар үш-ақ музейдің болуы қалай?  


Сөз басына оралсақ, Сіз білерсіз, я біл­мес­сіз, құрметті оқырман, ҚР Мемлекеттік Ор­талық музейінде қазақ арыстарының та­лайының маңдай тері тамшылап төгілді, осы мекенді қазақ арыстарының талайы ер­теңгі ұрпаққа – біздерге мәртебелі қал­пын­да ұсынуды көздеді. Музейдің жәді­гер­лер қорын жинақтауда ұлтымыздың ұлы тұ­л­ғасы А.Байтұрсынұлы бас болып, Г.Н.Хлу­дов, Ә.М.Жиреншин, А.Болкоев, Ю.Домб­ровский, академик Ә.Марғұлан, К.Ақыш­ев, М.С.Мұқанов, Х.Арғынбаев сынды айтулы­ қай­раткерлер жан аямай еңбек етіпті. Сол ең­бектің нәтижесі ретінде бүгінгі таңда тек қана Алматы тұрғындары емес, респуб­ли­ка­мыздың түкпір-түкпірінен келетін қо­нақ­тар да осы шаңырақта қазақтың өткеніне ой жі­бере отырып, халқымыздың ежелгі мә­де­ниетін мақтан тұтатын болды. Елбасымыз айт­қандай, өткендегі мәңгілік мұрасын па­йым­дай отырып, болашағымыздың жар­қын боларына сеніммен қарайтын болды... 
Сөйткен музей ұжымы өткен жұмада жур­налистер мен блогерлерге арнап блог-тур жасайды, музейдің бүгінгі және бо­ла­шақтағы жай-күйіне арнап әңгіме өткізеді деген соң, қуана барып, сәл мұңая қайтқан жайымыз бар. «Қауіптенгеннен айтамын» де­гендей, әңгіменің мәні мынада екен. Мем­лекет құзыретіндегі мәдени мекеме Алматы қа­­ласының коммуналдық меншігіне берілу­ жөнінде екен. ҚР Мемлекеттік Орталық музей директорының орынбасары Ба­бақұ­мар Хинаят мұның салдарынан меншік фор­ма­сы өзгереді, соған сай мен­шік субъектісі де өзгереді дейді. Сөйтіп, Орталық музей ең ал­дымен өзінің респуб­ликалық мәрте­бе­сінен айрылады. Соның салдарынан музей­дің бүкіл тірлігі тығы­рық­қа тіреледі: «Біз осы кү­ні статустық дәреже­міз бойынша шетелдік музейлермен терезесі тең деңгейде жұмыс іс­теп жүрміз. Егер қалалық коммуналдық құ­зыретке өтсек, біз әлемнің 30-дан астам же­текші музейлерімен әріптестік бай­ла­нысы­мыз үзілетіні анық. Әріптестердің бір­қа­тарын атап өтсем: Париждегі ГИМЭ, яғни Шы­ғыс өнері музейі, Бохумдағы Герман тау-­кен ісі музейі, Вашингтондағы Смитсониан инс­титутының Фриер-Саклер галереясы, Қы­тайдағы әйгілі Сиань музейі, атақты Санкт-Петербургтегі Эрмитаж, Кунтскамера, Ресей этнографиялық музейі, Корей, Венгр, Чехия, Моңғолия, Малайзия ұлттық музей­лері сияқты іргелі музейлермен тығыз ынты­мақтастық орнатылған. Сол сияқты, Нью-Йорк университетінің Көне әлемді зерт­теу институты, Ханкук университеті (Ко­рея), Ресей географиялық қоғамы, қазақ мә­дениеті мен тарихына қатысты құнды де­ректер сақтап отырған жүздеген мұрағат, сон­дай-ақ, сан ондаған ғылыми институттар­мен тығыз ғылыми, әріптестік байланыста жұмыс жасаймыз. Республикалық мәр­те­бе­ден айрылып, қалалық музей болып қа­лар болсақ, олармен қалай тең дәрежеде әріп­тестік қарым-қатынас орнатпақпыз? 
Әлемдік тарихқа үңіліп қараңызшы, еш­бір елдің музейі бейбіт заманда бұзылған, мәр­тебесінен айрылған емес. Түрлі кикіл­жің­дер, төңкерістердің барысында ғана олар өз мәртебелерінен айрылып қалып отыр­ған. Бүгінгі заманда Мысыр мен Иракта музей­лердің құртылып, жойылып жат­қан­­дығына күллі адамзат жиіркенішпен қа­­рап отыр. Әлем тарихында тіпті соғыс өрті тұ­тан­ған елдерде немесе техногендік апат туын­­даған жағдайда ғана музей жәді­гер­лерін аман алып қалу үшін уақытша кө­ші­рі­ліп, бейбіт заман орнағанда, қайта әкеліп отыр­ған...».
 Музей – муза, ол қасиетті, киелі орын. Қазақи тілмен айтсақ, қастерлік, өт­кен-кеткенмен, бабалар рухымен тілдесетін орын.

Еліміздің музей кеңістігінде ҚР МОМ ұзақ жылдар бойы көшбастаушы жетекші му­зей қызметін атқарып келеді. «Мем­ле­кет­тік Орталық музей – бүкіл Орта Азия ау­­ма­ғындағы бірегей, әрі көне му­зей­лердің бірі. Негізі 1830 жылдары Орынборда қаланған алғашқы қазақ музейі. 1929 жылы Алматыға көшірілген. Бүгін оның қоры 300 мыңға жуық материалдық және рухани мә­дениет құндылықтарынан тұрады. Қазіргі таң­да музейде түрлі сипаттарға ие Қазақ­станның ежелгі заманынан, орта ғасырдан және қазіргі кезеңге дейінгі тарихынан толық мағлұмат беретін жеті экспозициялық зал жұмыс істейтін классикалық үлгідегі әм­­бе­бап музей», – дейді музей қызмет­кер­лері. 
Орталық музейге жыл сайын 130 мыңға жуық адам келеді екен, Қазақстан халық­тарының өнерін дәріптейтін мыңдаған лекцияларды ұйымдастырып өткізеді; жылына 30-дан аса көрме өтеді. Атап айтсақ, мә­дениеттер тоғысындағы музейлер ұлта­ралық түсіністікке жол ашатын мәдени кө­пір, өткен тарих пен дәстүрді, Елбасы сая­саты мен ел жетістігін, экономикасы мен болмысы тақырыбына арналады. Халық арасында танымал іс-шаралар мен түрлі мәдени білім беру бағдарламалары өз алдында. Яғни келушілер ең көп, елдің өткені мен бүгінімен танысқысы келетін жандар ұдайы келеді, қала қонақтары Қазақстанмен танысуды Орталық музейден бастайды деуге болады. Бұл статистика Санкт-Петер­бург­тегі (оның тұрғыны мен туристер легі 3 есе көп) өзімен деңгейлес (мысалы, Ресей этног­рафиялық музейі) мекеменің көр­сет­кішімен бара-бар. 
Орталық музей – ғылыми-зерттеу және мә­дени-білім беру миссиясын абыроймен орындап келе жатқан іргелі мекеме екен­дігіне тоқталған сұхбатшы бірқатар мә­лі­мет­ті келтірді. Бір ғана мысал келтірсек, деді ол, Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық бағдарламасы аясында Орталық музейде 21 ғылыми-қолданбалы жобаны орындап шықты. Нәтижесінде 6 монография, 9 ғылыми каталог, 5 том этног­рафиялық энциклопедия, 6 ғылыми жи­нақ, 5 дерек пен мұрағат материал­дары­ның жи­нағы, 2 оқу құралы, сондай-ақ, мың­даған ғы­лыми және ғылыми-көпшілік мақала­лар жа­рық көрген екен.
Осынша орасан зор жәдігерлері бар му­зей қаланың қарауына өтер болса, осын­ша­ма мол жәдігер мен сол жәдігерлерді тал­дап-таразылап отырған мамандардың жай-күйі не болмағына алаңдаған Баба­құ­мар Хинаят кезінде 2003 жылы Министрліктің тапсырмасымен Орталық музей құрған «Саяси қуғын-сүргін тарихы музейін» 2004 жылы қаланың құзіретін өткеннен кейінгі соңғы күйіне тоқталды. Бұл музей 2006 жылы жұмы­сын тоқтатқан, қазіргі күні ол музейдің ғи­ма­ратында банк бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Мұны қалай түсіндіруге болады?
Иә, музей – адам қапиталын қалып­тас­тыруына қызмет ететін руханият орны, әрі қымбат жоба. Музейді көзбен көре отырып, сынадай мәліметтерге көз жеткіздік. 1985 жылы салынған қазіргі ғимараттың көрме экспозициясы 7000 шаршы метрді құраса, музейдің жалпы ауданы – 20 мың шаршы метр­ді құрайды. Алайда, руханияттың орнын толтырып тұрған мекеме экономикалық қажеттіліктің өтеуіне жүре ала ма? Қала ұсы­нып отырған көпфункционалды орта­лықтың бір ғана компоненті болып, үйлесім таба ала ма? Қалай десек те, музей авто­но­миялық статусы бар мекеме ғой! Осындай күмәнді, күдікті жайттар көңілді күпті етіп, редакцияға оралдық. 
Ол-ол ма? Алматы әкімшілігінің үстіміз­де­гі жылғы 28 шілдеде ҚР Премьер-Минист­рі К.Қ. Мәсімовке жазған хатында айтыл­ған­­дай, Орталық музейді орнына көп­фун­кционалды мәдени орталық (?!) құрылмақшы. Яғни Орталық Азиядағы ең көне әрі ірі һәм бү­гін­дері қарқынды жұмыс істеп тұрған аталмыш музей жойылмақ! Білікті мамандардың айтуынша, күні бүгінге дейін өнегесі озық өркениетті елдерде музейді жою вандализм ретінде бағамдалады екен! Алматы тәрізді алып шаһарстанға Орталық музей ауқымындағы оншақты музей ашылып жатса көптік етпейді. Қала тарихы музейі, Табиғат тарихы музейі археология музейі, оқу-ағарту музейі деген сияқты музей құрылса, қандай тамаша болар еді. Мұндай музей үлкен сұранысқа ие, әрі елімізде жоқ. Бұған шаһардың қуат-қауқары да, қаражаты да жететіндігі аян. Қалада бос тұрған ғима­рат­тар, мысалы кинотеатрларды іске жегуге болар еді. Мұны музей мамандары, жал­­­пы зиялы қауым, ғалым, педагогтар қауы­мы, мәдениет жанашырлары қол­дай­тындығына күмәніңіз болмасын!
Біздікі қауіптенгеннен айтамынның әңгі­­месі емес пе, әйтпегенде мемлекеттік му­зейдің мәртебесі елім деген азаматтары бар қалада төмендемейтініне сеніміміз мол... Саланы басқарып отырған іскер басшы, еліміздің Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, креатив­ті ойлайтын жаңа буынның өкілі, басқарушы партиямыз Нұр Отанның басшылығында жүріп, өнеге көріп, тәрбие алған алып ша­һар­дың жаңа басшысы Байбек Қадыр­ғалиұлы сынды тұлғалар бұл түйткілді оң­тай­лы шешеді деп сенеді музей ұжымы мен мә­дениетке жанашыр жұртшылық.


P.S.: Былтыр Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Өнер музейі туралы бір материалдарды іздестіріп жүріп, ҚР Президенті архивінен ҚР Мемлекеттік Орталық музейі туралы деректерге кездескеніміз бар. Сонда бұл тарих пен мәдениет ордасының бастауында қандай қиыншылық, қандай еңбек тұрғанын байқаған едік. КСРО құрамында болған, ұлттық жәдігерлерімізді сақтап қалуға барынша тырысқан уақыттарды есепке алмаған күннің өзінде, нарықтың ауыр жылдарында да, кейінгі уақыттағы қиыншылықтарға да қарамай, музей дүниежүзіндегі әріптестерімен терезесі тең деңгейде сөйлесе алар, түрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен ғылыми пікірталастарда құрметке ие болған ғалымдарды тәрбиелеп шығарған екен. Осы күні «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсетер мемлекеттік жәдігерлеріміз топтастырылған музейдің мәртебесі неге төмендеуге тиіс деген заңды сұрақ көкейге келеді. Расында, неге?

 

Қарагөз Сімәділ.

 

 Мақала "Қазақ әдебиеті" газетінің №33 санында жарияланды. 

 

 

5793 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper