Анонс


Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің өзекті проблемалары

Сәрсенбі, 14 Тамыз 2019 02:30
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің өзекті проблемалары KAZMUSEUM.KZ -  

Аңдатпа: Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі – ұлт ұстазының мұрасы, шығармашылық ғұмырбаяны, қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлік жолына байланысты материалдар жинақталған мәдени мекеме. 1988 жылы Алаш арысының аяулы есімін ресми ақтағаннан кейін 1993 жылдың 18 ақпандағы қала әкімінің №78 шешімімен Космонавтар көшесіне ғұлама есімі берілді. Осы жылдың 9-қыркүйегінде «Қазақтың халық ағартушысы А.Байтұрсынұлының музей-үйін ұйымдастыру туралы» Алматы қаласының әкімі З.Нұрқаділовтың №360 шешімімен құрылған.

Жылжымайтын мүлік нысаны Алматы қ., Алмалы ауданы, Ахмет Байтұрсынұлы көшесі 60-үйде орналасқан. Ғимарат көлемі – 160  шаршы метр. Ғимараттың нақты қай жылы салынғаны анықталмаған, 1993 жылы қалпына келтірілді. Қабырғасы бөрене, көне үй. Республикалық бюджеттен – 1997-1998 ж.ж. Үкімет тарапынан ғалымның 125 жылдық меретойына орай жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2006 жылы Алматы қаласы әкімі И.Н.Тасмағамбетовтың қолдауымен күрделі жөндеуден өтіп, жұртшылыққа қоғамдық негізде шама-шарқынша қызмет көрсетіп келеді.

Бұл күні тәуелсіз мемлекет болып танылған Қазақ елінің өткені, бүгіні һәм келешегі туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айшықтары аясында халқымыздың іргелі ел болып қалыптасуында ерен еңбек еткен тұлғалардың аяулы есімдері халқымен қайта қауышып, Отан тарихынан өздерінің тиісілі орнын алуда. Осы бағытта атқарылып жатқан игілікті шаралар «Рухани жаңғырудың» қайнар көзіндей. Жүзжылдықтар тоғысында тәуелсіз елінің тарапынан Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негіздеуші, реформатор-ғалым, шебер көсемсөзші, дарынды аудармашы, рухшыл ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Ана тілдің айбары» медалі және «Ғасыр саңлағы» белгісімен марапатталғаны баршаға мәлім. Десе де ғұлама ғалым мұрасына,  тұлғаның көзіндей болған музей-үйіне үкімет тарапынан әлі де ыждаһатты көңіл бөлініп, тарихи ғимаратты мемлекет қамқорлығына алып, ұлттық мәртебе берсе, тағылым-үйінің айбаттана түсері анық. Қазақ ұлтының дербес ел болып қалыптасуына арымен қызмет еткен, сол жолда құрбан болған тұлға Ахмет Байтұрсынұлы халқымыздың ұлттық мақтанышы, өскелең ұрпаққа үлгі етер болмысымыздың бағдары екені хақ!

Ия, тарихи тұлғаның ардақты есімі қайта оралған 1988 жылдан бері ғалым туындылары дүркін-дүркін қайта басылып, әрі тәуелсіздік кезеңнің ғалымдары тарапынан танымдық алғысөздер мен ғылыми түсініктер жазылып, оқырмандарымен қауышты. Сонымен қатар, тіл мен әдебиет, тарих, заң, әлеуметтану, журналистика, философия, өнертану, педагогика тағы басқа салалар бойынша ғұламаның шығармашылығы, ағартушылық, қоғамдық һәм мемлекеттік қайраткерлігіне қатысты 50-ден аса кандидаттық, 20-ға жуық докторлық диссертациялар қорғалып, ғылыми айналымға түсті. Мұнан бөлек 30 шақты республикалық, 10-нан аса халықаралық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары жарық көріп, жоғары оқу орындары мен арнайы білім беру мекемелерінің кітапхана қорын толықтырып, қазақ қоғамының ілгері дамуына үлесін қосуда. Ал, жылда өтетін «Ахметтану оқулары» дәстүрлі шараға айналып, мұғалімдер мен оқушылардың тіл, әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып, туған өлке мен халқына деген махаббатын оятып, нағыз отансүйгіш ел азаматтары болып қалыптасуына негіз болуда. 

2017 жылы Алаш автономиясының құрылғанына – 100 жыл, Қазақ зиялыларының атылғанына – 80 жыл болды... Бұл қос датаның бірі – еліміздің мерейін үстем етсе, екіншісі – қабырға қайыстыратын азалы күн! Бұл мұрағат деректері негізінде анықталған ақиқаттың ел назарына ұсынылғанына ширек ғасырдан асса да шешуін таппаған мәселелердің әлі күнге қордалануы кім-кімді де ойландырса керек.

Ал, Алаш Арысы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына қыркүйектің 5-і күні – 145 жыл толатындығы әрі қандай шаралар атқарылуы керектігі БАҚ беттерінде өзекті мәселе ретінде көтеріліп, ғалымның Алматыдағы мұражай-үйін ел тізгінін ұстаған лауазымды тұлғалар мен қала әкімінің арнайы келгендігі көзі қарақты оқырмандарға мәлім. Сол ресми сапардың оң ықпалы болар, «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі (Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы тағылым үйінің қалыптасу тарихы: құрылымы, дамуы, жүйеленуі, зерттелуі)» атты ғылыми жинақ, «Ахмет Байтұрсынұлы: фотожинақ» атты Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің тікелей қолдауымен жарық көрді.

Ұлт ұстазы, реформатор-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының аяулы есімі ортамызға оралғанына осы жылы 4-қарашада 31 жыл болады! Бұл – тұлғаның төл мұрасымен қайта табысып, ғұлама ғибраттарын аға, орта һәм өскелең ұрпаққа танытқан мерзім. Өткенді білу – бүгінгі ұрпақтың міндеті. «Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – келешек жоқ» деген қағида адамзаттың адам болып қалыптасуындағы алғышарттар іспетті. Сондықтан, біз қашанда өз дәуірімізге дейінгі қатталған тарих жылнамаларына үңілгенде әрбір сала өз жағына бұра тартпай, тұтас ұлттық сипатта алып, ұлттық болмыс-бітім тұрғысынан тануға һәм танытуға міндеттеміз. Жадымызды жаңғыртсақ,1988 жылдың 4-қарашасы – қазақ ұлты үшін «өшкені жанып, өлгені тірілген күн» болды... Алаш арысы Ахметтің аяулы есiмi ақталғандығы туралы анықтама, яғни ресми құжат Қазақ ССР Жоғарғы сотының төрағасы Т.К.Айтмұхамбетовтың қолымен 1988 жылы қарашаның 21-і күнi рәсiмделiп, Шолпан Ахметқызы Байсалованың қолына тапсырылды. Арада бір ай, жеті күн өткен соң, яғни желтоқсанның 28-і күні «Социалистік Қазақстан» газетінде: «М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытовтың творчестволық мұрасы туралы» үш арыстың шығармашылық мұрасын зерттеу жөніндегі комиссияның қорытындысы жарияланды. Осы уақыттан бастап ғалым мұрасының түпнұсқаларын іздестіру, жинастыру, оларды қайта бастыру жұмыстары, тағы басқа да өзекті мәселелер қолға алынғаны – бұл күні тарихи жылнамаға қатталды. Осынау маңызды уақиғалар тізбесінде Ахмет Байтұрсынұлының Алматыда қызмет еткенде тұрған үйін табу ең үлкен межелі міндеттердің бірі болды. Ахаң үйі табылғаннан кейін, Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес 1992 жылғы 18-қыркүйекте қала әкімінің «Қалалық мәдениет басқармасы мен сәулет бас басқармасының ҚР Мәдениет министрлігімен келіскен Алматы қаласындағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне ХХ-ғасырдың бас кезіндегі тарих және сәулет ескерткіші болып табылатын Космонавтар көшесіндегі №60 үй-жайды қосу туралы ұсынысы қабыл алынсын» деген №413 шешімі шықты.Шын мәнінде, Шолпан Ахметқызы Байсалова, Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова, апалы-сіңлілі: Данабике мен Күнімжан Байқадамовалар, сондай-ақ, ахметтанушы ғалымдардың  ізденісінің нәтижесінде бұл күні «тарихи ескерткіш һәм тағылым-үйі» деп танылған Ахмет тұрған үйді табу – тарихи оқиға болғаны хақ!

Ал, табылған тарихи үйді мұражай ретінде жасақтау – 1993 жылдың 9-қыркүйегінде «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін ұйымдастыру туралы» Алматы қаласының сол тұстағы әкімі З.Нұрқаділовтың №360 шешімі негізінде азып-тозған үйге қарабайыр ғана жөндеу жұмыстары жүргізілді. Себебі, Кеңес одағынан бөлініп, 1991 жылы 16-желтоқсанда тәуелсіздігіміз жарияланғаннан кейінгі кезең нарық жолымен дамитын сынамалы шақпен тұспа-тұс келіп, елдің әлеуметтік ахуалы тым нашар еді. Бұл уақыттары Шолпан Ахметқызының жас күнінде отырған түрмеден тапқан сырқаты асқынып, төсек тартып қалғандықтан, әкесі Ахметтің інісі Мәшеннің ұлы Самырат Кәкішев ұйымдастырылып жатқан музей жұмыстарына жетекшілік етеді.

1993 жылы 18-ақпандағы №78 қала әкімінің шешімімен Космонавтар көшесіне /4450 м/ А.Байтұрсынұлы есімі берілді. Араға төрт жыл салып, «Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуындағы рөліне құрмет көрсете отырып және аса көрнекті ағартушы, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, А.Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына байланысты» ҚР Үкіметі 1997 жылы 4-ақпанда (№150) қаулы қабылдады. Осы қаулы негізінде А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің ашылу салтанаты мен ғалым бюстінің тұсаукесері 1998 жылы 12-қыркүйекте ресми аталып, төбелі жиын өтті. Осылайша Алматы қаласының қақ төрінде орналасқан Ахаң үйінде тіршілік оты қайта тұтанып, күні бүгінге дейін қоғамдық негізде халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді әрі көрсете бермек. Ең бастысы, ұлт ұстазының ұлы мұраты дербес ел болуға жұмыс жасағанын ескерсек, ғалым мұрасы мен ғұламаның көзіндей болған тағылым-үйін мемлекетіміздің мақтанышына айналдыру – перзенттік парызымыз! Енді музейдің өзекті жұмысын қажетті деңгейде дамыту үшін оның келелі мәселелерін жедел шешу керек. Ол үшін:

Біріншіден, қоғамдық қорға қарайтын тағылым үйін – Ахмет Байтұрсынұлы мемориалдық музей-үйі – «Ахметтану» ғылыми-зерттеу орталығы деген атаумен дербес мекеме ретінде заңды тіркету;

Екінші, дербес жарғы мен өзінің жеке мөрі бар мемлекеттік мекеме болу және қалың жұртшылыққа қызмет жасайтын штат жасақтау;

Үшінші, 1992 жылдан мемлекеттік маңызы бар тарихи ескерткіштер санатына енгізілген Ахмет Байтұрсынұлының тағылым мектебіне, яғни музей-үйге Республикалық мәртебе берілуінжедел шешу;

Төртінші, республикалық бюджеттен қаржыландырылуын, әрі еліміздегі тарихи тұлғаларға арналған музейлер сияқты жұмыс істеу үшін музейдің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасызету.

Шегелей айтқанда, 1993 жылдың 9 қыркүйегіндегі Алматы қаласы әкімінің №360 шешімде нақты ресми атауы көрсетілген: «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйін ұйымдастыру туралы» заңды күші бар мемлекеттік құжат негізінде Ұлт Ұстазының артында қалған тарихи үйді «халық қазынасы, ел игілігі» деп танып, ұлттық нысанға айналдыру. Ұлттық рухтың ұлы тіні, ұлт көсемі, ұлағатты ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы, «тірі көзіндей болған үйін»қаз-қалпында сақтап, мемлекеттің дербес қамқорлығына алып, қазынадан қаржыландыру мәселесін «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы қадағалауындағы сакралды тізімге енген «Қазақстанның киелі орындары» жобасы негізінде шешіп алу жағын шұғыл қарастыру керек. Алдағы күннен үмітіміз зор.

 

 Райхан  ИМАХАНБЕТ, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

 

3065 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper