Анонс


Маңғыстаудағы облыстық музейдің жағдайы көпшілікті алаңдатты

Жұма, 02 Тамыз 2019 17:00
Маңғыстаудағы облыстық музейдің жағдайы көпшілікті алаңдатты KAZMUSEUM.KZ -  

Соңғы кезде еліміздің кейбір өңірлерінде пайда болған музей саласындағы «реформадан» Маңғыстау облысы да сырт қалмады. Осыған орай республикалық «Егемен Қазақстан» газеті 2019 жылғы 1 тамыздағы 146 (29645) санында «Үш алыпты бір орталыққа  сыйғызу дұрыс па?» атты мақала жариялады. Мақала авторы Гүлайым Шынтемірқызының жазуына сүйенсек, тек Маңғыстаудың ғана емес, республиканың мақтанышына айналған музейдің «тағдыры» бұлыңғыр. Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жағдайын бейжай қарай алмағандықтан, автордың мақаласын газетке сілтеме бере отырып сайтымызда жариялағанды жөн санадық.

Маңғыстауда жазушы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына дайындық жүруде. Күзге салым дүркірей аталып өтілетін тойға басты сый – Ақтау қаласы 19 «а» шағын ауданынан Әбіш Кекілбайұлы атындағы рухани орталықтың салынуы болмақ. Атауының өзі бірде рухани орталық, бірде әлеуметтік-мәдени кешен болып мың құбылған құрылыстың қазіргі таңда бірінші кезеңі жүруде. Аумағы 10,5 гектар жерді иеленген жобаның жалпы құны 6 млрд теңгеден асады деп бағаланып отыр. Құрылыс жұмыстарын «North Caspian Operating Company NB» компаниясының демеушілігімен  «Еврастрой-А» ЖШС компаниясы жүргізуде. 

Жалпы нысан үш бөліктен, яғни үш  ғимараттан тұрады. Алғашқы кезекте құрылысы қаңтар айында басталған  көлемі 9,5 мың шаршы метрді құрайтын облыстық тарихи-өлкетану музейі бой көтермек. Музей ғимаратының үстіңгі бөлігі толығымен шыныдан жасалып, сырты жапондық тақ тамен қапталады. Ал төбесі қазақ халқының ұлттық нақыштағы киіз үйі тəріздес шаңырақпен көмкерілмек.  Халқымыздың көшпелі дəуірінде ажырамас баспанасына айналған киіз үйдің – қазақ үшін аса қадірлі бейнесі музейде көрініс таппақ. Музей құрылысы тойға орай осы жылдың қазан айында толық аяқталып, тапсырылатындығы айтылады. Ой мен көздің өлшеміне, көкейдің шамалауына салсақ жəне мамандардың пікіріне құлақ тоссақ бүгінде қаңқасы бой көтеріп, төбесі шарбақталған құрылыстың қазан айында аяқталуы неғайбыл-ау. Тек өткен жылы Саммит қарсаңында көз ілеспес жылдамдықпен аяқталып, Саммиттен соң қысқы салқында ішін жылыта ал май басшылық кінəні бірінен-бірі көрген Достық үйінің кебін кимесе болғаны... 

Екінші кезеңде салынатын құрылыс – аумағы 8,5 мың шаршы метрді қамтитын, 280 мыңға жуық кітапты орналастыруға мүмкіндік беретін облыстық кітапхана ғимараты. Маңғыстауда ұзақ жылдар бойы ғимаратқа жарымай шет қалып, қаланың бір бүйірінен əупіріммен еншілеген жер телімі дауға ұшырап, күні бүгінге дейін ғимарат жағдайы шешілмей келген кітапхана мəселесі 2014 жылы 7 сəуірде «Егемен Қазақ стан» газеті бетінде «Үйі болма ған соң күйі оңала ма?» деген тақырыппен көтерілген болатын. «Еш тен кеш жақсы» дегендей, сарғайған кітаптары əр қуыста, тіпті қаланың əр түкпірінде буулы-түюлі күйінде келген кітапхананың өз алдына ғимаратқа ие болатыны көңіл қуантады. Ал құрылыстың үшінші кезеңінде облыстық музыкалық- драма театрдың жаңа ғимараты бой көтермек жəне соның дизайн жобасыəзірленуде. Кезінде алас-қапас ашыла қалған театрдың да жаңа ғимаратпен қамтылуы көптен бері айтылып келе жатқанымен, шешуін таппаған мəселе болатын, бұған да хош дейік. Ə.Кекілбайұлы атындағы рухани орталық тың бүкіл аумағы гранит тақталарымен жабдықталып, демалуға арналған орындықтар қойылып, əуенді субұрқақтар да орнатылмақ, ал үш ғимарат ортасындағы алаңға жазушының ескерткішін қою белгіленген. Көз алдыңызға келтірсеңіз – керемет көрініс. Бірақ «таяқтың екі ұшы болатыны» сынды, бұл мəселенің де екінші жағы маңғыстаулықтарды алаңдатпай қоймайды. Ол – Маңғыстау өңірінің барлық құндылықтары мен рухани ерекшеліктерінен сыр шертетін облыстық-өлкетану музейінің  Ə.Кекілбайұы атындағы орталыққа «жұтылуы». Тіпті, аталған алаңға орналасатын ғалым Қ.Сыдиықовтың  атындағы облыстық кітапхана мен Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театр атаулары қағаз жүзінде өз алдарына сақталып қалғанмен, халық арасында, ауызекі тілде орталық құра мына кетпей ме? Ал ешкімнің атын еншілемеген есесіне «облыстық тарихи-өлкетану музейі» деген білдей атауы бар мəдениет мекемесінің жазушының атындағы орталыққа айналуы жəне сол орталық ғимаратының жертөлесіне орналасуы дұрыс па? Жалпы əрқайсысының елге сіңірген еңбегі ерен тау тұлғаларды бір- бірінің тасасында қалдырып, бір орталық аясына біріктіруден кім не ұтады, əлде Ақтауда жер жетпеді ме? 
Маңғыстауды музейден танып-білемін деп келген қонақтарға жазушы орталығын көрсетіп, жазушы жайлы зерттеймін деп келген жанға Маңғыстау музейін көрсету қаншалықты дұрыс? Көкірегі көмбе шежіреші, көңілі тұнба тарихшы, ойы жүйрік, қаламы қарымды жазушы Əбіш Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығын, жалпы оған қатысты деректерді өз алдына бір ғимаратқа топтастырып, «орталық» деп атаса кімнің тақиясына тар келіпті, Ə.Кекілбаевтың мұрасы бұған əбден лайықты жəне бір орталыққа жететін дерегі де бар. 1975 жылы құрылған Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде бүгінде негізгі қорда 39094, қосымша қорда 19018 – барлығы 58 мыңнан астам жəдігер шоғырланған. Жылына шамамен қазақстандық-шетелдік қонақтардан, мектеп оқушыларынан құралған 52 мыңнан астам адам келіп тамашалап, жыл бойы 1300-ге жуық саяхат ұйымдастыратын музейде «Каспий теңізінің флорасы мен фаунасына арналған» зал, «Жаңа кезең тарихы» (XV-XIX ғ.ғ. Маңғыстау тарихы) залы, «Қазіргі Қазақстан» залы мен «Табиғат залдары», «XX ғасырдағы Маңғыстау тарихы» залы, «халық жазушысы Ə.Кекілбайұлы шығармашылығына арналған» зал, «Археология залы» мен «Мұнай өндірісі туралы» зал секілді экспозициялық залдар жасақталған. Осынша ауқымды мұраны бір шаңырақ астына ұқыпты орналастырып, жылдар бойы Маңғыстау облыстық тарихи- өлкетану музейі деген атауды абыроймен арқалап, Маңғыстаудың бірнеше нысандарының, киіз үйдің ЮНЕСКО тізбесіне енуіне бастамашы болған музейді Ə.Кекілбайұлы атындағы орталыққа біріктіріп жіберудің еш қажеттілігі жоқ. Əбіштің шығармашылығы мен өмірінен терең сыр шертетін, келген қонаққа жазушыны жан-жақты танытатын, жастарды рухани тұрғыда қанаттандыратын сан салалы жобаларды қолға алып, ұлттық құндылықтар мен заманауи жетістіктерді ұрпақ санасына сіңіре алатын Ə.Кекілбайұлы атындағы шынайы рухани орда халыққа керек, бірақ ол облыстың музейі есебінен іске аспауы тиіс. Əбіш Кекілбайұлы орталығы өз алдына, Маңғыстаудың музейі өз алдына жеке-дара ғимарат болып тұруға лайықты. Еліміздің өзге өңірлерінде облыстық музей – музей, ал танымал тұлғаларға арналған орталық бар болса, ол – бөлек. Маңғыстау – жазушының өзі тебірене-толғана қалам тербеп, өзі қызығына тоймай, құпиясына қанбай кеткен туған өлкесі. 
«Маңғыстау... Тарих пен табиғаттың бірге толғаған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағылымды шежіресі. Оны таңданбай көріп, тамсанбай түйсінуің мүмкін емес. ...Оған келгенде – Жалғыз Жаратушының шеберханасына кіріп кеткендей, өз көзіңе өзің ие бола алмай қаласың. Оны көргенде – Əлімсақтың əңгімесін тыңдағандай, өз көңіліңе өзің ие бола алмай қаласың. Бір аймақта – бүкіл əлемнің бар кереметі топтасқандай. Бір аймақтан – бүкіл дүниенің бар сырын ұққандайсың. Ондағы тас екеш тас, бұта екеш бұта əлденеге ұқсап, əлденеге меңзеп, əлденені ұқтырып тұрғандай» деп еді-ау Əбекең! 
Сөйткен Əбекең өзіне арналған орталықтың Маңғыстауының тұтас музейін жертөлесіне тастап, «орталық» деген атаудың аясына қалдырылатынын білсе, сөз жоқ қарсы болар еді. 
Бұл жүзеге асса, ғимаратсыз музейді ғимаратты, əрі Əбішті «орталықты» етіп, «екі қоянды бір оқпен атудың», сондай-ақ үш арысты бір ор талыққа ортақтастырудың шебер көрінісі болғалы тұр. «Көнбістік көп нəрсеге көзді үйретеді» деген жалпақ шешейлікпен бəрін жаба салуға болады, бірақ Маңғыстау үшін, ел үшін қадірлі, əрқай сысы əр салада өз биігін қалыптастырған тау-тұлғалардың атауы «бір қазанға» тоғытылатыны түсініксіз... 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы

 

Фото: А.Чикчирный, fotokto.ru

 

2027 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper