Анонс


Рухани жаңғыру – мәдени сананың кемелденуі

Бейсенбі, 20 Желтоқсан 2018 01:06
Рухани жаңғыру – мәдени сананың кемелденуі KAZMUSEUM.KZ -  

Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен мәдени дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»мақаласын оқып шыққаннан кейінгі алғашқы байқайтынымыз, ойды жеткізудегі ерекше мәнерлілік, дәлдік пен қарапайымдылық. Сонымен бірге, бұл еңбек мейлінше терең де, күрделі әрі кемелдігімен ерекшеленеді.

Еліміздегі рухани жаңғырудың тұжырымдамалық бағдары министрден бастап, қатардағы қарапайым азамат түсінетін, баршаға ұғынықты, бай әрі ықшам тілмен жеткізіледі. Биылғы жылдан бастап Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған еліміздің Үшінші жаңғыруын іске асыруға кіріскені баршаға белгілі. Оның басты мақсаты – Ұлт жоспарын орындау аясында әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру болып табылады.Бұған дейін еліміз жаңа тәуелсіз мемлекетті құру арқылы Бірінші жаңғыруды жүзеге асырды. Содан кейін «Қазақстан–2030» Стратегиясын қабылдады және Астананы салды. Нәтижесінде еліміз әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кірді. Бұл Екінші жаңғырудың межеленген нәтижелері.Мұның бәрін таратып айтып отырған себебіміз еліміздің жүйелі әрі дәйекті эволюциялық дамуына бағытталған мемлекеттік саясаттың өзара байланысы мен сабақтастығын көрсетуді мақсат тұтып отырмыз.Бүгінгі таңда Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыру аясында саяси реформа, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру және рухани жаңғыру сияқты үш жаңғыру үдерісі жүзеге асырылатын болады.Аталған үдерістердің қатарында рухани саланы жаңғырту негізгі бағыттың бірі болып табылады. Мұндай аксиомалық байлам жасауға берік негіз бар деп ойлаймын. Әлбетте, саяси және экономикалық жаңғырудың жетістігі, бірінші кезекте, рухани қатынастар басымдық алатын қоғамдық сананың деңгейіне байланысты болмақ. Сондықтан, бүгінгі таңда рухани жаңғыру ең өзекті міндеттердің алдыңғы қатарына шығып отыр[1,1].

Бұл орайда, ең әуелі, жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету негізінде түбірлі өзгерістерді қажет етіп отырған осы саланың бүгінгі жай-күйін атауға болады.Мәселен, егер де биік мінберден зерделейтін болсақ, бізде демократияның басты белгісі саналатын сайламалы үдеріс саяси өмірде өзінің орнын тапты. Биылғы жылы конституциялық реформалардың аясында ел Президентінің бірқатар өкілеттіктері биліктің өзге тармақтарына берілді. Осыған орай, Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп «Біз жүріп келеміз, біртіндеп алға басудамыз, яғни бұл қоғамды демократияландырудың сатыларының бірі... Басқа мемлекеттер өздерінде бар демократияға жүздеген жылдар бойы жүрді... Демократия – бұл жолдың басы емес, бұл жолдың аяғы, ол біздің мақсатымыз», екенін ерекше атап көрсетті.Рухани-мәдени салаға қатысты әзірге мұндай өзгерісті айта алмаймыз. Әрине, аталған саланы тұтастай нарыққа беру жөнінде әңгіме қозғалып отырған жоқ. Басты мақсат мемлекеттің және азаматтық қоғамның өзара іс- қимылының негізінде барша руханиятты жаңғырту болып табылады. Бұл орайда, елімізде 2014 жылдан бері қазақстандықтардың жоғары руханилығы мен мәдени ментальдығының бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға бағытталған Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы іске асырылуда. Мәдениет руханияттың іргесі ажырағысыз құрылымы екені аян. Ал, кейінгі жылдары мәдениеттің ең негізгі өзегі рухани салада түбірлі жаңғырулар жүргізілген жоқ.Елбасының бағдарламалық мақаласы – бұл, ең әуелі ХХІ ғасырда шынайы өмірде ұлттық сананы айқындайтын және қоғамдық сананы өзгерту жолдарының жалпы бағыттарын белгілейтін дүниетанымдық-идеологиялық мақала. Оның мақсаты күшті әрі жауапты адамдардың Біртұтас ұлтын құру болып табылады. Мақала кіріспеден, «ХХ ғасырдағы ұлттық сана туралы», «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екі негізгі тараудан және қорытындыдан тұрады [1,2].

Біз назар аударып отырған екінші жоба «Қазақстанның рухани жәдігерлері». Мәдениет саласы материалдық және рухани құндылықтардан тұратыны өздеріңізге мәлім. Өкінішке қарай, бұған дейін елімізде киелі құндылықтарға деген тұжырымды көзқарас болған жоқ. Сондықтан, ел Президентінің бастамасы бойынша қолға алынған жоба ұлттық бірегейліктің маңызды рухани тірегі болып табылады.Әрбір халықтың өзіне тән киелі орындары бар. Мәселен, ағылшындар басты храмы – Кентерберий ғибадатханасын, немістер Кельндегі рим-католик готикалық соборын, француздар Нотр-Дам-де Париді мақтаныш тұтады.Бізде де мақтаныш ететін қасиетті орындар жеткілікті. Бұлар ежелгі Тараз, Ұлытау, Түркістан, Алтай оның ішінде Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай Досханаұлы мәдени-тарихи кешендері, Жетісу өңірлері және Маңғыстаудағы Бекет-Ата кешені. Алайда, қоғамдық санада бұл орындар туралы бірегей ұғым мен ортақ түсінік қалыптаспаған. Сондықтан, ұлтты ұйыстырудағы аталған стратегиялық міндетті орындауда осы жобаны жүзеге асырудың маңызы аса зор және рухани құндылықтың ең жоғарғы түрі, ең саңлағы һәм ең сәулеттісі де – мәдениет пен өнер, яғни жүздеген жылдар өтсе де мұқалмай, сыны қашпай, саф күйінде сақталып келе жатқан ең асыл мұраларды жинақтаушы орын – музей. Қазіргі таңда Қазақстанның мәдени және ғылыми саласында  жүйелі бірнеше ғылыми мекемелер қызмет атқарып жатыр. Солардың қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің атқарар ролі ерекше деп білемін. Музей көне ескерткіштер мен жәдігерлер мұқият сақталатын немесе келушілерге таныстырылатын ерекше нысан ғана емес. Музей уақытқа бағынбайтын, алмасып жатқан ұрпақтар жалғастығын үзілдірмейтін алтын арқау. Өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғастырар мәңгілік көпір. Өркениетті елдердің бәрінде дерлік ұлттық музейлер ұлттық мақтаныш, рухани орда болып саналатыны белгілі. Тәуелсіз Қазақстан да соңғы жылдары музейлерге ерекше назар аударып, экспонаттар қорын ұлғайту, жәдігерліктерді сақтау мәселесіне шындап кірісе бастағаны көңіл қуантады[1,3].

Музей ғимараты ерекше пішінімен алыстан көз тартады. Аса ірі бірегей музей кешені 74 000 м2 жерді қамтып және тоғызыншы қабатқа дейін ауыспалы қабатты болып келетін жеті блоктан тұрады. Жалпы көлемі 14 000 м2 асатын экспозициялық алаң 14 залды алып жатыр. Осы ретте өткен төрт жыл музей үшін құтты жыл болғанын ерекше атап өтуге тиіспіз. Бүгінгі күні музей келушілердің сұранысына жауап бере алатын іргелі мәдени орталыққа айналып отыр. Қазіргі таңда музей қорында 200 мыңнан астам экспонат жинақталған. Тақырыптық көрме залының жалпы саны – 10. Бірнеше зал бар. Ежелгі және орта ғасыр тарихы (археология) залы, Тарих залы, Этнография залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, Астана залы,  Тәуелсіз Қазақстан залы, Астана залы, №1 және №2 Алтын залдары,  №1 және №2  Заманауи өнер залдары, Рухани жаңғыру залы мен Төрт уақытша көрме залдары келушілерге қызмет көрсетеді. Ұлттық қазынаны зерделеу жөніндегі музей құрылымы ғылыми-зерттеу институтынан тұрады. Сондай-ақ балалар музейіне, балалар шығармашылығы орталығына, екі көрме залына, қалпына келтіру шеберханасына, зертханаларға, кәсіби қор сақтауға, оқу залы бар ғылыми кітапханаға, мәжіліс залы мен кәдесый дүңгіршектеріне арналған үй-жайлар көзделген.Музей ғимараты Тәуелсіздік алаңы маңындағы «Қазақ елі» монументімен, Тәуелсіздік сарайымен, Бейбітшілік және келісім сарайымен, «Хазірет Сұлтан» мешітімен және Ұлттық өнер университетімен үйлесім тапқан.Музей дүниежүзілік стандарттарға сәйкес жабдықтармен жарақтандырылған, экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: екі залға жұмыс істейтін арнайы контенті бар бірегей иілген экран, медиа еден, қазіргі Астананың орталық бөлігінің серпінді макеті, толып жатқан медиаэкрандар, голограммалар, диодты жарық LED-техника, сенсорлық дүңгіршектер, үш тілде ақпарат беретін мультимедиялық жолсерік пайдаланылады.Музейде экскурсиялардың алуан түрлері – шолу және тақырыптық, философиялық экскурсиялар, интерактивті сабақтар мен ойын экскурсиялары түрінде арнайы бағдарламалар әзірленуде.

Ұлттық музей бүгінде заманауи санаткерлік мәдениет мекемесі болуға, Республиканың тарихи және мәдени мұрасын талдау, салыстыру, пайымдау, талқылау, ой-пікір айту және бағалау орнына айналып келеді. Осы заманғы музей – бұл келушілермен әрқашан да ашық бүкпесіз сұхбаттасу. Бұл музейде оның меймандарын тарихпен тілдесудің белсенді қатысушыларына айналдыруға қолдан келгеннің бәрі жасалған.Музей қызметінің негізгі бағыттарына: музей қорындағы құнды жәдігерлерді жинау, есепке алу, сақтау, қорларды жүйелеу, реставрация, зерттеу нәтижелерін ақпарат жүйелерінде тарату, музейдің кадрлық жүйесін жетілдіру, музей жұмыстарын ұйымдастыру түрлеріне көрмелер, экспозициялар ұйымдастыру, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу, тақырыптық дәрістер, тақырыптық экскурсиялар, танымдық сабақтар өткізу, баспа өнімдерін шығару және тағы басқа сан-салалы қызметтер жатады [2].

2014 жылдың соңына қарайел арасында елеу­сіз жат­қан құнды дүниелерді, ұлты­мыз­дың ұлы тұлғалары қолданған заттарды Ұлттық музейге сый ретінде қабылдау арқылы қоғам назарын тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне аудару мақ­сатында «Ұлттық музейге сый тарту» атты республикалық акция ұйымдастырылған. Акция аясында Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Әзірбаев әкесінің домбырасы мен кемер белдігін, Қасым Қайсеновтің қызы Гүлжаһан Қайсенова батырдың кездігін, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің ұрпақтары әкелерінің дипломатиялық төлқұжаты мен ордендерін, вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың іні-досы Абай Балажан композитордың күлсалғышы мен қаракөл бөрігін, Айкен Жұмекенқызы әкесі, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің дипломаты мен портсигарын, Вадим Сидоркин анасы Гүлфайруз Ысмайылованың қыл қаламдары мен сәнді сөмкелерін, Қадыр Мырза Әлі атындағы қордың төрағасы Донеділ Қажымов ақынның қаламсабы мен қолсағатын ұлттық музейдің қорына тапсырды. Ал қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Ж.Үшкемпіров өзінің алтын медальдары мен жарыстарға киген киімдерін, Дулат Иманқажы Меккеге жаяу алып барған көк туымызды, Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин тастан, қоладан, темірден жасалған жебелер жиынтығын, Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым бидің төс белгісін, спорт саңлақтары Серік Сәпиев пен Юрий Мельниченко жеке заттарын Ұлттық музейге табыстады. Музей қызметкерлері барлық сый-тартуларды ресми рәсімдеп, келісім-шарт негізінде қабылдап алды. Желтоқсан айына дейін жалғасатың акцияның қорытындысында Ұлттық музейге жасалған сый тартулардың көрмесі өткізіледі.Жалпы алғанда кез келген музейдің мәртебесі қордағы экспонаттардың құндылығымен, сиректігімен, қайта­лан­байтындығымен айқындалады. Халқы­мызда «ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы – ортақ» деген сөз бар. Құнды жәдігерлерешқашан бір отбасының немесе әулеттің дүниесі болып қалмауы керек[3].

Қоғамның ажырамас басты бөлігіне айналған ұлттық музейге еліміз ерекше назар аударып, жәдігерлер қорын ұлғайту, оны сақтау мәселесіне де кірісе бастады. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен салынған ҚР Ұлттық музейінің «бренді» еліміздің бірегей артефактілерін жинақтаған Алтын залы мен интерактивті технологиямен құрылған Астана залы. Музей бүгінде өскелең ұрпақ пен жастардың мәдени демалыстарын ұйымдастыратын ірі мекемеге айналды. Музей өз келушілеріне рухани демалыс сыйлау үшін Ашық есік күндерін, Наурыз мерекесін, «Жұлдызды гид», 18 мамыр күні Музей түні акциясын өткізеді. «Музей түні» бүгінде қоғамды қызықтыратын шараға айналды. 2018 жылы халықаралық музейлер күніне орай Ұлттық музей ұйымдастырған «Музей түні» мерекесін 30 мыңнан астам адам тамашалаған.  Музейішілік бағдарламаға сәйкес «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты әзірлеген «Қымызмұрындық» рәсімі, қазақ қолөнер шеберлері мен зергерлерінің шеберлік сабақтары ересектерді қызықтырса, Ғылыми-әдістемелік қызметке қарасты «Қазақстан тарихы» бөлімі «Тарих сыры», «Музей жұмбағы», «Бестемше» сияқты зияткерлік ойын сайысынан қалалық жарыс ұйымдастырып, балалардың қызығушылығын тудырды. Бұл тұрғыдағы музейдің негізгі мақсаты келушілерге жәдігерлерді көрсетіп, таныстыру емес, оның ғылыми тарихын анықтап айқын деректер арқылы көрсету[4,1].

Сондай-ақ былтырғы жылы Ұлттық музейде ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмелер аясында бірнеше халықаралық көрмелер өткізілді. Атап айтсақ, Эрмитаждың қару-жарақ көрмесі, Қытайдың Терракота армиясы, Мысыр елінің Бейбарыс сұлтан мен көшпелі көрмесі мен сурет көрмелері. Музей қабырғасында бірнеше халықаралық және республикалық конференциялар өткізілді. Әсіресе, 2017 жылы қараша айында Алаш қозғалысы мен Алаш Орда үкіметінің 100-жылдығына арналған «Алаш – қазақтың ұлттық тұтастық идеясы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен Астананың 20 жылдық мерейтойына орай «Астана – Еуразия кеңістігіндегі жаңа Елорда» атты халықаралық конференциялар жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шаралар. Жыл сайын Наурыз мерекесіне арнайы республикалық конференция өткізіліп тұрады. Былтырғы жылы Елбасымыздың «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасы аясында Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Ұжым басшылығына ұлт жанашыры Берік Әбдіғалиұлының келуі біраз жаңалықтың ашылуына әсер етті. Бұл ғылыми орталық еліміздің өлкетану музейлерімен тығыз байланыс орната отырып, халқымыздың рухани мұраларын түгендеуге, өлке тарихын дамытуға, музейдің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандырып, алға бастыруына мұрындық болды. Орталық қолға алған игі жұмыстарға «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты екі томдық кітабын айтуға болады. Бұл екі жоба барысының нәтижелері еліміздің кенже қалған туризм саласының дамуына  айтарлықтай әсер етсе керек. Туризмнің дамуы өз тұрғысында музейлердің жанданып, дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз [4,2]. 

Міне, мақаламыздағы айтылған ойымызды қорытындылайтын болсақ, жаңа жағдайдағы рухани жаңғыру баршамыздан жаһандық өзгерістерге және жаңашылдықтарға дайындықты және ұмтылысты қажет ететіні анық. Өйткені, біз айрықша серпінділікпен жылжып жатқан зымыран уақытта өмір сүрудеміз. Әлемге танымал америкалық экономист Джон Коттер өткен ғасырдың 90-ы жылдары өзінің «Өзгерістердің алдында» атты кітабында бәсекелестерден ілгері болу үшін міндетті түрде өзгерістерді алдын-ала біліп, оны басқара білу қажеттілігін айтқан болатын. Аталған тезис біздің заманымызда да өзінің өзектілігін жойған жоқ.    Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа тарихи кезеңге тән қатерлер мен тәуекелдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің терең көзқарасын білдірді.

Жасұлан АБДУЛЛИН,

ҚР Ұлттық музейінің Жазба ескерткіштерді зерттеу секторының эксперті                                                                     

 

 

                Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Әбдіқалықова Г. Рухани жаңғыру – Қазақстанның үшінші жаңғыруының негізі / Abai.kz ақпараттық порталы. 6 шілде, 2017.
  2. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі. 2016 жыл есебі. Астана, 2016. -250 б.
  3. Мыңбай Д. Ұлттық музей атамекеннің айбынын асқақтатады /Turkistan.kz.16 сәуір, 2015.
  4. Мәдени мұра /№5, 2017 ж.
5969 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper