Анонс


Ғ.Ақпанбекова: Жақсылықты насихаттау - парызымыз

Сәрсенбі, 14 Ақпан 2018 02:35
Ғ.Ақпанбекова: Жақсылықты насихаттау - парызымыз KAZMUSEUM.KZ -  

Тұңғыш Президенттің Теміртау қаласындағы тарихи-мәдени орталығында «Жаныңда жүр жақсы адам» атты қарағандылық жоба жеңімпаздарымен кездесу кеші өтті. Осы жобаға қатысып жеңімпаз атанған қазақстандық 102 жаңа есімді дәріптеу мақсатында арнайы көрме де дайындалды.  

Кездесу барысы Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылдың 1 желтоқсанындағы  «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен өткен кездесуін тағы да бір еске түсіруден басталды. Айтулы істерімен елдің есінде қалып ерекше құрметке лайықты болған біздің замандастарымыз осы алқалы жиында Елбасының өз аузынан алғыс естіп, болашаққа деген сенімдерін одан әрі нығайта түскендей болды.  

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушыларды  көпшіліктің онлайн дауыс беруі нәтижесінде анықтап отырды. El.kz порталында жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру жүргізілгені баршамызға белгілі. Соның нәтижесінжде  барлығы 102 адам жеңімпаз атанды.  340 мыңнан астам қазақстандық азаматтар өздері таңдаған тұлғаға 1 миллион 376 мың дауыс берген.

 Аталған жобаның қорытындысы бойынша спорт саласынан – 13, ғылым саласы бойынша -  18,  мәдениет саласы бойынша -10, медицина бойынша – 18, бизнестен – 13, қоғам бойынша – 30 жеңімпаз анықталған болатын. Олардың әрқайсысы Тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлестерін, ерік-күштерін жұмсап жүрген миллиондаған қазақстандықтардың жарқын келбеті.

Әрбір жеңімпазды отандастары, жерлестері мақтан тұтары сөссіз.

Біздің дайындаған «Жаныңда жүр жақсы адам» атты іс-шарамыздың басты мақсаты да өзінің талантымен, дарынымен, еңбегімен, ақылымен үлгі бола алған жерлестерімізді құрметтеу, үлгілі істерін насихаттау болып табылады.

Қарағандылық 6 тұлға осы жобаның жеңімпазы бола алды. Кездесуге келген NOMAD MMA аралас жекпе-жегі ұлттық тәсілінің негізін қалаушы Сергей Ан бүгінгі жетістікке қалай жеткенін, спорт саласында өзі ойлап тапқан тәсілдің қазіргі жай-күйі жайлы қызықты пікірталас жүргізді.  Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырған Сергейдің ұстанымы, алған биігі шын мәнінде көптеген жас жеткіншекке ықпал ететіні, дұрыс бағыт беретіні кездесу барысынан көрініп тұрды. 

Теміртау жастарымен кездесуге келген келесі тұлғамыз Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің профессоры, медицина ғылымдарының докторы Әлімханова Роза Сейітқалиқызы. Роза апамыз 30 жылдан астам уақыт ерте жастағы балалардың тірек-қимыл аппараты патологиясын (майтабан, буын кемістіктері, ортан жіліктің сынуы) отасыз емдеумен айналысып келеді. Балалармен көп жылғы жұмыс істеуінің және туа бітті деформация мәселесін зерттеу  нәтижесінде әлемде ұқсастығы жоқ емдеудің ғажайып  әдісін ойлап тапты. Роза Сейітқалиқызы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымның Алтын медаліне лайық деп табылды. Ол – 30-дан астам  өнертабыстың, 120 ғылыми еңбектің, 5 оқу әдістемесінің және 6 монографияның авторы. http://100esim.el.kz/kz/bio/roza_alimhanova.

Қарағанды қаласындағы Майқұдық елді-мекенінде ішкі істер органында қызмет атқаратын Дәурен Қасымжанұлының төрт баланың өмірін ажал тырнағынан аман-есен алып қалған ерлігіне көпшілік сүйіспеншілікпен қарады. Қарапайым халықтың арасында осындай қайсар азаматтың жүргені көңілдерге сенім ұялатты. 

Кездесуге Астана қаласынан келген полковник Үмбетов Қайрат Жарылқасынұлы2016 жылдың 7-ші сәуірінде Қарағанды облысының Қарабас кентіндегі  оқу-жаттығу орталығында жедел қызметтің жеке құрамымен бірге граната лақтыру барысында  жас жауынгердің денесін өз кеудесімен қорғап өлімнен құтқарып қалған. Адамгершілік борышын бірінші орынға қойып, өз міндетін қалтықсыз орындаған Қайраттың ерлігіне қарап жастар өсіп келе жатыр.  

Кездесуге келген қала тұрғындары,  жоғарғы және арнаулы оқу орындарының   оқытушылары мен студенттері, сонымен қатар медициналық колледж және ҚР ІСМ оқу орталығының  тыңдаушылары мен әскерилері «Жаныңда жүр жақсы адам» іс-шарасының арқасында бүгінгі бейбіт күннің батырларымен көзбе-көз кездесіп тілдесуге мол мүмкіндік алды. Сондықтан жас ұрпаққа берер тағлымы мен үйретер өнегесі бар осындай кездесулерден аларымыз көп.

 

 

Ғалия Ақпанбекова,

Тұңғыш Президенттің

тарихи-мәдени орталығы

«Экспозиция көрмемен жабдықтау»

 бөлімінің басшысы

 

 

2263 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper