Анонс


Н.Назарбаевтың қыркүйек айында тарихи-мәдени орындарға жасаған сапары (ФОТО)

Жексенбі, 01 Қазан 2017 15:48
Н.Назарбаевтың қыркүйек айында тарихи-мәдени орындарға жасаған сапары (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Өткен қыркүйек айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел тарихына қатысты бірқатар тарихи-мәдени орындарда болды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты. Назарларыңызға Елбасы арнайы сапармен барған тарихи-мәдени орындардағы кездесулерден фоторепортаж ұсынамыз.

Түбі бір халықтың ортақ тұлғасына құрмет

Қыркүйек айында Өзбекстанға ресми сапармен барған Нұрсұлтан Назарбаев қазақ пен өзбек тарихына ортақ, Ташкент қаласының ең көрнекті орындарының бірі саналатын «Төле би кесенесі» сәулет кешініне барды.

Кесенеде қазақ тарихындағы әйгілі тұлғалардың бірі Төле би жерленген. Бұл сәулет ескерткіші – қазіргі Ташкент аумағындағы ең көне ескерткіш. Кесене XV ғасырдың бірінші жартысында салынған.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді. Онда мемлекеттер басшылары бауырлас елдер арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді.

 

«Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағындағы кездесу

 

Өзбекстан мен Түркіменстаннан іс сапардан оралған бетте Мемлекет басшысы Нұрсүлтан Назарбаев  Жамбыл облысына сапармен келді.  Жұмыс сапары аясында «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағы аумағындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы орналасқан «Достық үйінің» жаңа ғимаратын аралап көрді.

Ғимаратты аралау кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен әңгімелесті.

– Мен сіздерге Өзбекстан мен Түрікменстанға сапарларымнан соң келіп отырмын. Біздің кездесулеріміз бен уағдаластықтарымыздың нәтижесінде осыған дейін болған кедергілердің барлығы алынып тасталды. Бүгінде жақын көршілерімізбен тиімді ынтымақтасу үшін барлық жағдай жасалған, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының өзекті тұстарына ерекше тоқталды.

– Санамызды жаңғырту – қоғам үшін қай кездегіден өткір мәселе болып тұр. Ақпараттық-цифрлық заманда бір орында тұруға болмайды, бүгінгі талаптар мен жағдайға сәйкес жетіліп, өзгеріп отыру қажет. Адамдармен бірге бүкіл қоғам да бәсекеге қабілетті болуға тиіс, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегейлігіне және мемлекеттік тіліміздің латын әліпбиіне көшуінің маңыздылығына назар аударды.

– Мен тұрақтылық пен халқымыздың бірлігі дамуымыздың кепілі болып саналатынын әрдайым айтып жүремін. Латын әліпбиіне өту мәселесін дұрыс түсінген жөн. Тіл халқымызды одан әрі біріктіру үшін жетелеуге тиіс, – деп қорытындылады Қазақстан Президенті.

Соңында Елбасы «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағының аумағында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттарды көрді.

 

Музей саласының мамандары Н.Назарбаевтың қамқорлығына дән риза

Аймақтарға сапар аясында Мемлекет басшысы Алматы қаласына және Алматы облысына жұмыс сапарымен барған болатын. Сапар барысында Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округінің аумағында орналасқан «Батыр бабалар» мемориалдық кешенінде болды.

Нұрсұлтан Назарбаев мемориалдық кешендегі Қазақстанның сақ мәдениетінен бастап Алашорда үкіметінің құрылуына дейінгі тарихын бейнелейтін экспозициялармен танысты. Мемориалдың орталық бөлігі қазақтың батырларына арналған.

Сонымен қатар, Елбасыға ел тәуелсіздігі жолындағы күресте танымал болған белгілі тарихи қайраткерлер – хандар, билер және батырлар суреттерінің галереясы көрсетілді.

 

Алматы облысына сапары кезінде Мемлекет басшысы Қарасай ауданындағы музей құрылысымен танысуын музей саласының мамандары жоғары бағалайтындығын атап өткен жөн.

Елбасы музей экспозициясында ел Тәуелсіздігінің барлық кезеңдерін, соның ішінде Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың салынуын қамту қажет екенін атап өтті.

Музей жанында тәуелсіз Қазақстанның тарихи даму кезеңдерін бейнелейтін барельефті панно салынатын болады. Оның ортасына Мемлекеттік тудың тұғырын орналастыру жоспарланған.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына және Алматы облысына жұмыс сапары барысында Шамалған ауылына барып, ауылдастарымен бейресми әңгіме өткізді.

Айта өтейік, музей құрылысы жеке адамның қаражаты есебінен жүргізілуде. Нысанның құрылысы биылғы 1 желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған.

 

Материалды әзірлеген: Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

 

Материалдың дайындау барысында ҚР Президентінің баспасөз қызметі ұсынған фотосуреттер пайдаланылды.

 

2676 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper