Анонс


Астанада «Кітапхананың түнгі әлемі» атты шара өтеді Таңдаулы

Бейсенбі, 21 Сәуір 2016 18:48
Астанада «Кітапхананың түнгі әлемі»  атты шара өтеді KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 22 сәуірде сағ. 11.00-де  Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне, сондай-ақ кітапхананың 12 жылдығына байланысты «Пайым мен парасат падишасы - кітап» тақырыбында ашық есік күні өтеді.

Ашық есік күніндегі салтанатты рәсімге Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, еліміздің зиялы қауым өкілдері қатысады. 

Биыл энциклопедия, сөздік және кітап мерейтойларын насихаттауға барынша назар аударылады. Сонымен, Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романына 90 жыл және Әнуар Әлімжановтың «Сувенир из Отырара» кітабына 50 жыл толып отыр. Осы кітаптардың тарихы, авторлардың шығармашылығы бойынша көрме әзірленеді. Филология ғылымдарының докторы, Л. Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ профессоры Рахымжан Тұрысбек Ж. Аймауытовтың «Қартқожа» романы бойынша дәріс оқиды. Ашық есік күнінің қонақтары мен оқырмандарға ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ортақтаса оқу үшін 25 қазақстандық автордың кітабы ұсынылады, сондай-ақ «Тәуелсіз Қазақстан Энциклопедиясы» интернет-жобасының тұсаукесері  өтеді. Жобаның негізгі мақсаты – барлық қазақстандық аймақтар туралы жан-жақты, жүйеленген және сенімді ақпараттарды көпшілік қауымға ұсыну.  

Сағ. 12.00-де келесідей іс-шаралар өтеді: «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ақын әрі ойшыл Дулат Бабатайұлының шығармашылығына арналған поэтикалық марафон; «Кітап қалашығы бойынша саяхат» сабағы; ғылыми-танымдық және әдістемелік бағыттағы үш тілде жарық көрген «Кітапхана хабаршысы»/«Библиотечный вестник»/«Library herald» журналының тұсаукесері; Астана қаласының кітапханашыларына арналған «Каталогизатор сағаты» сабағы.   

Сағ. 15.00-де – филология ғылымдарының докторы, профессор Н. Ж. Шаймерденованың «Сөздіктер және сөздік жұмысының дамуы» атты дәрісі және сирек қордағы сөздіктердің көрмесі, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэтикалық кеші және «Памяти Савицкого: российское и узбекское искусство XX века» кітабының тұсаукесері. Сағ. 18.00-де – жас ақын Әлімжан Ахметовпен кездесу. Бұл күні оқырмандар назарына Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасындағы сирек және құнды кітаптар топтамасы, сондай-ақ кітап және виртуалды көрмелер ұсынылады.

Сағ. 20.00-ден 24.00-ге дейін кітапханада "Кітапхананың түнгі әлемі"  әлеуметтік акциясы өтеді: сіздер «Кітапхана қазынасын тауып көр!» квест ойынына, «Кітап сіздің тағдырыңыз» жұлдыз-жорамалына қатысып, кітапханаға жазыла аласыздар, жаңа кітаптармен танысасыздар, кітапхана бойынша экскурсия жасап, кітап қоймасын қарауға, «Оқы да біл, ән айт та күл» караоке алаңында сүйікті әндеріңізді шырқауға, сондай-ақ сан алуан фильмдер көруге мүмкіндік аласыздар.    

6816 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper