Анонс


Ү.Мұңалбаева: Сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығын құру – заман талабы Таңдаулы

Дүйсенбі, 29 Ақпан 2016 13:53
Ү.Мұңалбаева: Сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығын құру – заман талабы KAZMUSEUM.KZ -  

  Кітап – көкірегінің көзі ашық адам баласының ғасырлар бойы жинақтаған тамшыдай мөлдір ойлары мен көзқарастарының көркем көшірмесі. Уақыт желісінде тозаң тартқан тарихымыз бен болашағымызды байыптап таразылау үшін тасқа қашалған жазбаларымыз бен жүздеген жылдардың тезінен өткен кітаптарымыз – біздің ең қасиетті, ең құнды мұрамыз. Міне, осындай баға жетпес жәдігерлеріміздің асыл төрі – Кітапхана. 

Ұлттық кітапханада ұлт мүддесіне қажетті тарихи, мұрағаттық құжаттардың жинақталуы шарт. Олай болмаған күнде руханият пен мәдениеттің бір бүйірі олқы соғары анық. Сондықтан, ұлттық мәртебеге ие болған кітапхананың ерекшеліктеріне дәлелдер келтіре кетейік.

Конгресс кітапханасындағы сирек кітаптар мен арнайы жинақтар бөлімі АҚШ-тың ежелгі тарихы бойынша баспа басылымдары мен құжаттардан тұрады. Сол секілді инкунабул қоры (1501 жылға дейін жарық көрген кітаптар) Солтүстік Америкадағы ең ірі қорлардың бірі болып есептеледі.

Көне кітаптар мен ежелгі манускрипттер, ерте дәуірлердегі әмбебап құжаттар мен қолтаңбалар, жер астындағы ондаған шақырымға созылған сақтау қоймаларындағы естелік мұражайлар. Адамзаттың алуан тағдырын тоғыстырған тірі тарих. Сан ғасыр тарих бедерін тасқа басып қалдырған жалғыз куә. Бұл – Британ кітапханасы. 

Британ кітапханасы – Ұлыбританияның Ұлттық кітапханасы. Елдің маңдайалды мекемесі. Оның құрамына мынадай мекемелер кіреді: Британ Мұражайының кітапханасы, Ұлттық орталық кітапхана, Ұлттық ғылыми-техникалық кітапхана, Британ Ұлттық библиографиясы, Ғылыми-техникалық ақпараттар басқармасы, Британдық Дыбыс жазу институтының және Үнділік есеп беру басқармасының кітапханасы. 

Біз үшін құнды дерек – осы Британ кітапханасында Бейбарыс сұлтанның Құраны сақтаулы тұр екен. Цифрлы нұсқаға көшіріліп жатқан кітап – кезінде ІІ Бейбарыс сұлтанның меншігінде болған Құран. Жеті томнан тұратын Құран кітапты бұдан 700 жылдай бұрын белгілі мысыр каллиграфы Мұхаммед ибн әл-Вахид жазған екен.  Қыпшақ елінен шығып Мысырды билеген Бейбарыс сұлтанның тапсырмасы бойынша 1304-1306  жылдары Каирде жарық көрген сирек туындыны Мұхаммед ибн Мубадир, Айдугди ибн Аллах әл-Бадри есімді суретшілер қалыптап безендірген.

Араб стилінде алтынмен әрленген Құран жазбасы – Британ кітапханасындағы кітаптар топтамаларының ішіндегі ең құндысы. Кітап өте көркем безендірілген, сонымен қатар қасиетті кітап ұлы ақиқаттардан сыр ақтарады.

 Сонымен бірге, ағылшын Корольдігі географиялық қоғамында этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың ағылшын тілінде жарық көрген «A Journey to Kashgar in 1858»кітабы және бар.

Ұлыбритания Ұлттық кітапханасындағы мұражайдың көрме залына қарай ғимарат орталығы арқылы таңғажайып баған жүргізілген. Мөлдір баған барлық қабаттарға бірдей орнатылыпты. Нақ осы залдан Ұлыбритания патшасы Георг ІІІ-тің кітаптарының жинағын кездестіре аламыз. Оқырмандарға қызмет көрсету процесі осы шыны бағанның ішкі жағында жүргізіледі. Осылайша, оқырмандарды сырттан бақылауға да болады.

Келесі шыны сөреге кітапхананың құнды қазыналары қойылған. Солардың бірі – Гутенберг типографиясында басылып шыққан Библия. Осы стенд Еуропадағы кітап басу ісінің даму тарихына бағытталады. Өйткені баспа ісі еуропалық тұңғыш баспагер Гутенбергтен бастау алады.

Сонымен қатар, мұнда әйгілі суретші, ғалым Леонардо да Винчидің жазба кітабы тұр. Леонардо да Винчидің еңбектерін айнаның көмегімен оқуға да болады. Өнер жұлдызының жазбалары түпнұсқа түрінде де сақтаулы. 

Келесі сөреде – У.Шекспир портреті. У.Шекспир шығармаларының түпнұсқасының төркіні Британ кітапханасы болуы тиіс. Бірақ У.Шекспирдің қолжазбалары көп сақталмаған. Достары тарапынан жарыққа шығарылған Бірінші фолио аталатын толық шығармаларының жинағы бар. Тағы бір теңдессіз түпнұсқа – У.Шекспирдің қолы қойылған авторлық қолтаңбасы.

Бүгінгі таңда У.Шекспирдің жұмбақ әлемі мен тылсым құпиялары кітапхана оқырмандарының игілігінде.

В.А.Моцарттың туғанына 250 жыл толуына орай Британ кітапханасындағы Кітаптар мұражайында ұлы композиторға арналған бөлім пайда болды. Қолтаңбалар қатарында автордың музыкалық туындыларынан үзінділер жазылған жазба кітап ұсынылған. Ғаламтордан композитор кітабының электронды нұсқасымен таныса отырып, ғасырлар қойнауынан жеткен дауысын тыңдауға да болады.

Британ кітапханасы (бұрынғы Британ музейінің кітапханасы) 1753 жылы құрылған. Кітапханада кең көлемді инкунабул топтамалары мен британ баспа өнімдерінің жинақтары сақталуда. Қолжазбалар бөліміндегі бай жинақтарға грек және латын папирустары, кейінгі антикалық және Орта ғасырлар дәуірдегі қолжазба кодекстер, әйгілі қаламгерлердің қолжазба мұрағаттары (сол қатарда Джейн Остен, Чарлз Диккенс, Джеймс Джойс), сондай-ақ ноталар мен географиялық карталар жинағы да кірістірілген.

 Франция Ұлттық кітапханасы – Еуропадағы ең ежелгі кітапханалардың бірі. Қорының көлемі жағынан әлемнің алып кітапханалары қатарында, анығында, жетінші орынды иеленеді. 1368 жылы негізі қаланған корольдік кітапхана Франция королі Карл V-нің кезіндегі (1364-1380 жж.) Лувр мұражайында қызмет көрсете бастаған. Кітапхананың алғаш қорында 1 200 жазба болған. Уақыт өте келе, бұл жинақтардан ештеңе қалған жоқ. Себебі, патша ХІ Людовик сарай қоймасын тек қана парақтан құруға мәжбүрледі. Елдің кезекті королі І Францияк болса, Францияда жарық көрген әрбір кітаптың бір-бір данасын кітапханаға жеткізуді бұйырды. Сөйтіп, 1544 жылы барлық жинақ Луврдан Фонтенблоға шығарылды.

Сол дәуірде кітапханаға сатып алынған құнды қазыналар мыналар болды: кітаптар жинағы (9 мың том) мен ағайынды Дюпюи тарту еткен қолжазбалар (260), Гастон Орлеанскийдің кітап, қолжазба, медаль, миниатюра, сурет және басқа да сирек басылымдардан тұратын сыйлықтары. Граф де Бетюннің сыйлықтары да тамаша тарихи құжаттар қатарында, жинақтың жалпы саны – 1 923 том. 1715 жылы кітапханаға Геньердің әйгілі жинағы сыйға алынады. 1669 жылы дәрігер Жак Ментельдің кітапханасы сатып алынады, мұнда 10 000 кітап пен 136 қолжазба болған.

Мемлекет қайраткері Жан-Батист Кольбер ғалымдарды сирек басылымдарды іздестіру әрі сатып алу үшін шет елдерге жіберіп отырды. Осылайша, Шығыстан, Грекиядан, Мысырдан, Парсы елінен, Ыстамбұлдан, Италиядан, Португалиядан, Швециядан және басқа да елдерден құнды қолжазбалар жеткізілді.  

ХV Людовиктің билігі кезінде кітапханаға 20-ға жуық көне қолжазбалар мен кітаптар жинағы сатып алынды. Шығыс елдерімен байланыста болу арқылы кітаптар жеткізу жұмысы жалғасып отырды. Сонымен, 1723 жылы Үнді компаниясы 1 800-ден аса қытай кітабын жолдайды. 

Кітапханада 5 000 шамасында грек жазбасы сақталған. Жазбалар қоры үшке бөлінеді: fonds grec, fonds Coislin және supplement grec. 

Француз Ұлттық кітапханасы 2010 жылы сегіз миллион еуроға белгілі италиялық жиһанкез әрі жазушы Джакомо Джироламо Казанованың жазбаларын сатып алды, мұны неміс баспагерлері 200 жыл бойы сақтап келген. Қолжазба 3,7 мың беттен тұрады, негізгі бөлігі – Казанованың 1789 жылы қолға ала бастаған «История моей жизни» атты еңбегі. Қолжазбаны кітапхана көрмесінен де көруге болады.

 Қытай Ұлттық кітапханасын Чиң әулетінің (1644-1911) соңғы императоры Пу И 1909 жылы қыркүйек айында құрды. Көлемі мен кітапханалық қоры жөнінен «әлемдік үштікке» кіреді, ең ірі кітапханалар – АҚШ-тың Конгресс кітапханасы мен Франция Ұлттық кітапханасынан кейінгі үшінші орынды алады.

Кітапхана алғаш рет 1909 жылы 9-қыркүйек күні Чиң Патшалығының орталығы Бейжіңнің Гуаңхуа деген жерінде астана кітапханасы ретінде құрылады да, 1912 жылдан бастап оқырмандарды қабылдай бастайды. 1916 жылы ұлттық кітапхана мәртебесіне ие болады. Сөйтіп, жергілікті және шетелдік мерзімді басылымдардың әр алуан нұсқаларын кітапхана қорына қабылдай бастады. Осыдан кейін әр түрлі саяси оқиғалар мен қоғамдық пікірлердің әсерімен кітапхананың аты да, орны да бірнеше рет өзгерді. 1931 жылы Уынжиің көшесі бойындағы көрнекті жерлердің біріне кітапхана ғимараты орнықты. Қазір бұл жер Қытай Ұлттық кітапханасының жәдігерлер бөлімі болып есептеледі.

270 мың - бұл ежелгі әрі сирек кездесетін қытай кітаптарының саны. Топтама негізінен 16 мыңнан аса тарихи құнды құжаттан құралған. 

Түркиядағы сирек кездесетін жазбалардың басым бөлігі – Ұлттық кітапхана қорында. 21 799 жазбадан құралған коллекцияның 8 929-ы заңды тіркеуде. Сондай-ақ, мұндағы 1728-1928 жылдар аралығында араб мәтінімен жазылған басылымдар көлемі 2 350-ді құрайды. Оттоман дәуірінен қалған заңды тіркелімдегі 4 080 басылым 1997 жылға дейін микрофильмге аударылды. Ал қалған 4 849 дананы аудару жұмысы жобаға сай 1998 жылы жалғасты. 

Александрия (Мысыр) кітапханасы – ежелгі дәуірдегі ең ірі кітапхана. Мұның тарихы Жерорта теңізі бойына грек мәдениетінің таралуымен және Мысырдағы Птолемей династиясының пайда болуымен тығыз байланысты. Біздің дәуірімізге дейінгі 295 жылы Птолемей I Аристотель мектебінің үлгісімен Александрия академиясын ашты. 

Б.з.д. ІІІ ғасырдың басында Мысырды Птолемей IІ билеген дәуірде Александрияда тұңғыш рет кітапхана іргесі қаланды. Бұл көне замандағы жазбалардың ең ірі қоймасы болды. Александрия кітапханасының ғимараты қаланың зәулім сарайлары бой тіккен Брухейонда орналасқан. Кітапхана ежелгі дәуір әдебиетінің, каталогтеу мен библиографияның орталығына айналды.

Кітапхананың алғашқы қорғап сақтаушылары – Зенодот Эфесский (б.з.д. 234 ж.), одан соң Эратосфен Киренский (б.з.д. 236-195 жж.), Аристофан Византийский (шамамен б.з.д. 180 жж. дейін), Аристарх Самофракийский (б.з.д. 146 ж.) және басқа да ғалымдар. Кейбір тізімдерде Каллимах та бар.        

Библиография атасы - Каллимах кезеңіне дейін кітапханада 400 мың шиыршық қағаз сақталса, екі жүз жылдан кейін мұның саны 700 мыңға жетті. Бұл жағдай жазушы-ғалымдар еңбегінің жемісімен байланысты деп түсіндіріледі.

Мұнда грек мәдениетінің үздік үлгілері шоғырланған. Олар – ақындар, тарихшылар, шешендер, дәрігерлер мен математиктердің еңбектері. Ғалымдар әдебиеттің кез келген саласын оқуға мүмкіндік алды. Бірқатар шетелдік авторлардың аударылған туындылары да болды. Мысырлық, сириялық, үндістандық және еврей авторларының еңбектері түпнұсқа тілінде сақталды. Ал папирустарға сыйғызылған өлеңдер мен трактаттар, теріге жазылған жазбалар – кітапханадағы сирек басылымдар қатарында.

Сонымен, қазіргі таңда әлемде әр алуан мәдени-тарихи жағдайлардағы кітаптардың әлеуметтік рөлін аша түсетін, кітап өнерін, полиграфия техникасын, баспа ісін, баспа тарихын, кітап материалдары мен үлгілерінің эволюциясын, жазба ісінің дамуын қоса алғанда кітап және кітап ісі тарихының көп жоспарлы көрінісін сипаттайтын Кітап музейінің саны 10-ға жуықтайды. Бұл реттегі ежелгі музейлер – Лейпциг Неміс кітапханасы жанындағы Неміс жазбасы және кітап музейі (1885), 1900 жылы ашылған Майнц қаласындағы Гутенберг музейі (Бүкіләлемдік баспа өнері музейі). Музейлердің бұл тобына Брюсселдегі Альберт I Корольдік кітапханасының Кітап және кітап басылымы музейін, Лондондағы Британ кітапханасының Кітап музейін, Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасының Кітап музейін қосуға болады. Бұдан әрі бұл тізімді Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасының Кітап музейімен толыға түсті.

Анығында, ҚР Тұңғыш Президенті Күніне және Ұлттық академиялық кітапхананың 10 жылдық мерейтойына байланысты Кітап музейі оқырмандар үшін есік ашқан еді. Бұл біздің оқырмандарымыз бен елорданың мәртебелі меймандарына Қазақстанның кітап және жазба тарихы туралы тереңнен танысуына мүмкіндік береді.

Музейде 1 132 сирек кітап мен қолжазба, ал төргі бөлмеде филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының коореспондент-мүшесі, академик, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Зәки Ахметовтің кітап коллекциясы орналасқан.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына Зәки Ахметовтің жеке қорын: 600 дана кітап және 43 папка қолтаңба құжаттарын ғалымның жұбайы Зия Насырқызы Ахметова сыйға тартқан еді. Бұл еңбектер 12 монографиядан және 300-ден астам ғылыми зерттеуден тұрады.

Бұлар – Алматыдағы Кітап музейінен, Ұлттық кітапханадан және Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана қорынан алынған құнды жәдігерлер. Бүгінгі таңда кітапханадағы кітап музейін 25 722-ге жуық елордалық тұрғындар мен шетелдік қонақтар келіп тамашалады. К.Мәсімов, М.Қасымбеков, Б.Майлыбаев,М.Шаханов, Н.Үсенбаева, Ә.Тарази, Ғ.Есім, С.Смағұловтар өздерінің осы музейге арнаған ізгі тілектерін жазып естелік қалдырды.

Кітапхана музейіндегі сирек кітаптар мен қолжазбаларды ұстап көруге рұқсат етілмеген. Ал академик Зәки Ахметовтің келешекте оқырман қауымның құнды деректерге дер кезінде қол жеткізуі әрі келер ұрпаққа аманаттау үшін кітапханада сирек кітаптарды цифрлау арқылы пайдаланушының сұраныстарын қанағаттандыруға және сирек кітаптар қорларын дәстүрлі, электронды нұсқаларда сақтауға мүмкіндік бар. 

Музей құрудағы мақсат – қазақ тарихына, мәдениеті мен ғылымына қатыстыкөне қолжазбаларды, сирек басылымдар мен аса құнды мағлұматтарды қорға жинап сақтау, зерттеулер жүргізу әрі көпшілікке насихаттау. Осы бағыттағы ұлттық академиялық  кітапхананың жолы әлемдік стандарттарға сай келеді.

Кітап музейі – отандық кітап тарихын көрсетуге;

кітапты тарихи-мәдени процесстердің ажырамас бөлігі ретінде ашып бейнелеуге;

Қазақстандағы кітаптың таралу тарихын ашып сипаттауға;

оқырмандарды бірегей жазба ескерткіштер мен сирек басылымдарға тартуға;

заманауи оқырманды «жанды кітапқа» қайта оралтуға үндейді.

Мұндай кітаптардың бір жерде жатпай халық игілігіне айналуы қуанарлық жағдай деп ойлаймын. Басқа емес, кітап үшін талас болып жатса, мұнан өткен бақыт жоқ.

«Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп ұлы ақын Абай Құнанбайұлы айтпақшы, адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші. Терең білім мен даналықтың үлгісіндей болып көрінген өмір ұстазы – кітаптарды, жазба байлықтарды көздің қарашығындай қорғап сақтайтын кітапхана да, кітап музейі де – киелі қазыналарымыздың қатарында. Сонымен қатар, мәдениет мекемелерінің мақсаты да, міндеті де – ортақ, яғни ұлтымыздың тарихи-мәдени мұраларын болашақ ұрпаққа мұртын бұзбай жеткізу, аманаттау. Сондықтан, кітапханалар қорындағы кітаптар сақталмайды немесе жойылып кету қаупі төнеді деген қисынсыз ойдан аулақ болуымыз қажет. 

Алдағы уақытта зерттеуші, суретші әрі жазушы Томас Аткинсондай дара тұлғаның өмірін зерттеп-зерделеген жоқтаушысы, «Оңтүстіктегі Ұлы далаға саяхат» жинағының авторы Ник Филдингпен кездесуді жоспарлап отырмыз.

Ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон туралы қысқаша тоқталар болсақ, ол Орта Азия аумағына сапар шеккен Еуропа зерттеушілері арасындағы жалғыз адам.

1847-1853 жылдар аралығында Томас көшпелі қазақ халқының тыныс-тіршілігі жайында көп жазбалар қалдырған. Бұдан бөлек қазақ би-сұлтандарын бейнелеген суреттердің де авторы. Әйелі Люси екеуі Қазақстанда біраз жыл өмір сүріп, түрлі суреттер салып, карталар жасады. Тіпті олардың Алатау Тамшыбұлақ Аткинсон атты ұлдары 1848 жылдың 4-қарашасында осы қазақ даласында дүниеге келген болатын.

Ал енді Т.Аткинсонның соңында қазақ даласына жасаған сапары туралы баяндалатын «Восточная и Западная Сибирь» (1858) және «Путешествия в регионе Верхнего и Нижнего Амура» (1860) атты кітаптары қалды.

Ендігі кезекте еліміздің тарихынан сыр шертетін осындай құнды мұраларды реттеу, еліміздің рухани-тарихи жазба мұраларын сақтау, Қазақстан тарихының сирек қолжазбалары мен кітаптарын жинақтап жүйелеу және оларды оқырман қауымның жан-жақты пайдалануына мүмкіндік беру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан биыл Сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығынашуды жоспарлап отырмыз.

Бұл - EXPO-2017 көрмесінің мәртебелі меймандары мен өз оқырмандарымыз үшін Қазақстанның кітап және жазба тарихы туралы терең танысуына мол мүмкіндік беретін бүгінгі заман талабы.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде сирек кітаптар мен қолжазбалар жүйесіз жолмен жинақталуда. Ал орталықты құрудағы ең басты мақсат – Қазақстан туралы сирек кітаптар мен қолжазбалардың Бірыңғай каталогын құру және оларды Қазақстандық Ұлттық Электрондық (ҚазҰЭК www.kazneb.kz) кітапханасына енгізу.

Елбасының ұсынылған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы елімізді, ең алдымен, мәдени мұрамызбен, шығармашылық әлеуетімізбен ілгерілетуге үндейді.

Демек, ҚазҰЭК жобасын – «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын іске асырудың бірден-бір төте жолы деп есептеуге болады.   

 

Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаева,   

педагогика ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген қайраткер,

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы

 

7469 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper