Анонс


«Мәңгілік ел» пойызының қатысушылары Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне барды

Дүйсенбі, 22 Ақпан 2016 14:51
«Мәңгілік ел» пойызының қатысушылары Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне барды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арнап сапарға шыққан «Мәңгілік ел» пойызы Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне барды, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі.

Қонақтар Ұлы ақын музейінің экспозициясымен танысып, Абайдың мемлекеттік қорық-музейінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай жаңадан ашылған «Абай арманы - Ұлы дала елінің ұлық мерекесі!» атты көрменің ашылу салтанатына қатысты.

Көрменің ашылу салтанатын Абай қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбеков ашып, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Еңбек ардагері Нәсен Сембаев және «Мәңгілік ел» пойызының жетекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Әміржан Әлпейісов құттықтау сөз сөйледі. Тұсаукесер салтанатында Мәдениет қайраткері Нүриден Иманбаев Абайдың «Жүрегім, нені сезесің» әнімен шашу шашты. Көрменің тұсауын «Мәңгілік ел» пойызының жетекшісі Ә.Әлпейісов, Н.Сембаев және Машина құрастыру зауытының директоры Нұрлан Омаров кесті.

«Абай арманы – Ұлы дала елінің ұлық мерекесі» атты көрме қонақтарын Абай (ҚР халық әртісі Б.Имаханов) өлеңмен қарсы алып, батасын берді. Музей қызметкері Р.Елекенова көрмені жан-жақты таныстырды.

Еліміздің егемендік алуы - халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашты, бүкіл қоғамдық өмірімізге жаңа леп, соны серпін әкелді. Қазір ата-бабаларымыздың, Ұлы Абайдың туған ел бақытын аңсаған армандары орындалды. Баршамыз бейбіт өмірде, еркіндікті аңсаған ақ ниет, ақ тілеумен өзіміз тіккен ортақ шаңырағымыздың бағы мен сәні үшін қызмет жасаудамыз.  

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2016 жылы 6 қаңтарда жариялаған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында: «Ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық», - деп атап көрсетілді.

Абай, Шәкәрім, Әлихан, Мұхтар арманы да – еліміздің Тәуелсіздігі еді. Олар білім мен ғылым, өнер мен өнеге, парыз бен парасат,  барша адамға сүйіспеншілік ұлағатын септі.

Көрменің басты мақсаты – Елбасының: «Абайдың жолын, істеген ісін біз халқымызға паш етуіміз керек», - деген сөзі бүгінгі таңда орындалып, аты әлемге танылған байтақ жерімізде сол бір 1991 жылдан бастау алған Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін, оның қаншама қажыр-қайраттың нәтижесі екенін көрсету, оған Қазақстанның әрбір азаматының қосқан үлесін жас буынға түсіндіру.

Көрме үлкен тоғыз бөлімге жіктеліп, «Бата – Тәуелсіздік нұры», «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі», «Конституция және Елбасы», «Азаттықтың азапты жолы», «Отаршылдық қасіреті және Семей полигоны», «Әлем таныған Қазақстан», «Өркениет өріне», «Астана – Елордасы елімнің!», «Елбасы Абай елінде» тақырыптары бойынша сараланды. Соған орай әр тақырып Тәуелсіздік жылдарындағы елеулі кезеңдердің ел тарихындағы орнын ашып көрсетуге арналған.

Көрмені тамашалаған Семей қаласының зиялы қауымымен, «Мәңгілік ел» пойызының қатысушалары Абай музейіндегі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына ашылған көрмеге өз пікірлерін білдіріп, «Қолтаңбалар» кітабына: «Мәңгілік ел» пойызының қатысушылары атынан Ұлы бабамыздың музейіне сәттілік тілейміз. Абай мұрасы ұлттық рухтың негізі Абай өмірі жас ұрпақты тәрбиелеудің таусылмас көзі. Қазақстанның 25 жылдығына арналған «Ұлы дала елінің ұлық мерекесі» көрмесі де ұлттық сананы шыңдай түседі», - деп қолтаңбаларын қалдырды. 

2586 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper