Анонс


Парижде баяндама жасаған Н.Назарбаев қазақтар мен француздардың тарихына қатысты ортақ деректі еске салды Таңдаулы

Жұма, 06 Қараша 2015 20:40
Парижде баяндама жасаған Н.Назарбаев қазақтар мен француздардың тарихына қатысты ортақ деректі еске салды KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парижде ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-сессиясында баяндама жасап, қазақ жеріне табан тіреген француз саяхатшысы туралы айтып өтті.

Конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде ЮНЕСКО-ның алатын орны айрықша екенін атап өтті.

Өзінің баяндамасында тарихи деректерді келтірген Н.Назарбаев француз монахы Гильом Рубрук 13-ғасырдың ортасында христиан, будда, манихей және мұсылман қауымы тату тіршілік кешкен қазақтың көне Қойлық қаласында болғанын еске салды.

-       Былтыр Қазақстан, Қытай және Қырғызстанның бастамасымен ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралары тізіміне Ұлы Жібек жолында орналасқан сегіз археологиялық нысан енгізілді. Бұл тізімде толеранттылықтың, діни төзімділік пен достықтың символы – Қойлық қаласы да бар. Еліміз таяуда Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Біз Ұлы Даланың тарихи-мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын жаңғыртып жатырмыз. ЮНЕСКО-ның алдын ала есепке алу тізіміндегі ескерткіштер мұқият қорғалуда. Олардың қатарында Отырар, Түркістан, Сауран және Сығанақ бар, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы өз сөзінде Ұлы Жібек жолы дәстүрлерін жаңғыртудың айрықша маңыздылығын да атап өтті.

-       Оның тарихына қарап, тығыз ынтымақтастық пен өзара мәдени байланыс бүкіл адамзат үшін бейбітшілік пен даму негізі екеніне көз жеткіземіз. ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне Жібек жолының Жетісу бөлігіндегі тоғысу орталығы болған Алматы қаласының 1000 жылдығы енгізілгенін ризашылықпен атап өткім келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның ЮНЕСКО-ға біздің ел бастамашылық еткен 2013-2022 жылдарға арналған мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығын жүзеге асыру ісі бойынша қолдау көрсетіп отырғаны туралы да айтып берді.

Соңында Қазақстан Президенті еліміздегі білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформаларға және Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындық барысына тоқталып, барша делегаттарды осы көрмені келіп көруге шақырды. 

 

3072 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper