«Қазақстан» шоколадын Прага музейінен де табуға болады

Жұма, 18 Қыркүйек 2015 12:00
«Қазақстан» шоколадын Прага музейінен де табуға болады KAZMUSEUM.KZ -  

Әрбір тасы өткен ғасырдан сыр шертетін Еуропа мемлекеттерінде аттап басқан қадамың тарихи жәдігерге тұнған музейге толы. Соның бірі бүгінгі заманауи өзгерістерге бой алдырмай, ертедегі архитектурасын сол қалпында сақтап, кірген бойда орта ғасырда жүргендей әсерде қалдыратын мекен – Еуропаның жүрегі саналатын Чехия  астанасы – Прага. 

Туристерді қызықтыратыны – музейлер. Сол себепті туристер көп баратын аймақ ретінде мұнда әрбір көшеде түрлі музейлер орналасқан. Қызығушылығыңызға қарай таңдай аласыз. Ұлттық музейден бастап, техникалық, ойыншық музейі, теміржол, сыра, авиация, тастан жасалған мүсіндер, шоколад және елестер мұражайына дейін бар. 

Біздің қызығушылығымызды оятқан тәтті дәмнің мекені – шоколад музейі болды. Кірген бойда шынайы өмірден алыстап, ертегі әлеміне енгендей сезіндік. Ертегі емей немене, айналамыз толған тәтті шоколадтар, олардың түр-түрі. Ең бастысы қалағаныңды ақысыз алып жеуге мүмкіндік бар. Бұл жер негізінен балаларға арналған деген аты ғана болмаса, келушіердің дені егде адамдар. Әрине, тәтті тек баланың ғана емес, ересектерді де тез баурайды. Ал, осы соншалықты жақсы көретін тәттіңіздің қалай дайындалатынынан хабардарсыз ба? Иә, аталмыш музейге бас сұқпайынша біз де шоколадтың пайда болуы жөнінен мүлде бейхабар едік...  

Музейдің кіре берісінде шоколадтың ғасырырлар бұрын қай елде, қалай пайда болғаны қабырғада үш тілде (орыс, ағылшын, чех) тәптіштеліп жазылып, бейнелері де көрсетіліпті. Алғаш шоколад Майя елінде жасалған екен. Ацтектердің нанымы бойынша табиғат берген ризыққа жауап ретінде адамды, құсты, мешінді құрбандыққа шалып отырған. Ол кездегі қоданылған заттар бүгінде экспонатқа айналып, музейден орын алған. Сондай-ақ, бөлме бұрышында тұрқы бөлек жеміс ағашы көрініс берді. Бұл какао ағашы екен. Оның биіктігі 8-10 метрді құрайды. Ол жемісін егілгеннен кейін алты жылдан соң ғана барып береді. Бір ағашта мыңға тарта гүл шоғы болса, оның тек 1-3%-ынан жеміс өсіп шығады. Олар жылына екі рет жиналады, сәуір мен маусым және тамыз бен желтоқсан аралығында. Осы кезеңде жемістер түсін жасылдан сарыға, сарыдан қызғылт сарыға өзгертеді. Ал, шоколад осы жемістің ортасындағы какао-боб деп аталатын дәннен жасалады. Бұл өнім алғаш рет 500 жыл бұрын пайда болған. Ацтектер какаоға сергітетін сусын ретінде қараған. Бірақ олар какаоға агава мен бұрыштың сөлін қосып пайдаланған. 

Араға ұзақ уақыт салып, шоколадқа қант ұнтағын қосатын болды. Осыдан кейін барып какао ұнтағын ойлап тапты. Ал, қатты шоколад мен кәмпиттің пайда болуы мұнан да ұзақ жылды талап етті.

Какао-боб ерте кезде өте құнды болған. Тіпті ол кезеңде ақша орнына осы какао-бобты пайдаланған. Он дәнге бір қоянды сатып алуға болса, жүз дәнге бір құлды сатып алуға мүмкіндігі болды. Орта есеппен алғанда екі какао ағашынан 600 грамм какао өндіріледі. Ал, 1 кг шоколадтың 60%-ын какао құрайды. Міне осы көрсеткіштен-ақ какаоның қандай құнды екенін байқауға болады.

Музейдің төрінен бөлек бір бөлмені көзім шалды. Бұл кинозал екен. Мұнда какао ағашының өсуінен бастап, оны күтіп-баптау, жемісін алып, оны үгіту, шоколадты дайындаудың көне әдісі секілді үлкен үдерісті қамтитын фильм көрсетіледі. 

Мұнан өзге аталмыш музейден шоколад индустриясына қатысты барлық құралдарды, мәселен, какао-бобты кесуге арналған арнайы пышақ, шоколадты тасымалдауға арналған  кәрзіңкелер,  өнімді дайындайтын көне ыдыстан қолданыстағы заманауи құрылғыға дейін, сондай-ақ дақылды қайта өңдеуде қолданған алғашқы механизмдерді тамашалай аласыздар.

Қабырғада ілінген суреттермен қатар экран орналасқан. Ол жерде барлық елдің тулары ілініпті. «Бұл тулар нендей қызмет атқарып тұр, біздің туымыз бар ма екен?» деген қызығушылығым оянып, өз еліміздің туын іздей бастадым. Бар екен. Тудың үстіне басып көрген ем «Рахат» фабрикасынан шығатын «Қазақстан» шоколады шықты. Мұнда әр елде шығатын сапалы, жақсы деген шоколадтар тізімі жазылып, суреті қойылған екен. Еліміздің көштен қалмай, сапалылар сапында тұрғаны бойымда мақтаныш сезімін ұялатса, өзге елдермен салыстырғанда бір ғана өнімнің жалғызсырап тұрғаны көңілімді су сепкендей басып тастады.

Музей үш бөлімнен құралған. Бірінші бөлімінде шоколадтың пайда болуын, шығу тарихын баяндайдын тарихи жәдігерлер мен бейнелер орын алса, екінші бөлімінен айтылған үдерісті практика жүзінде көрсететін фильмді тамашалай аласыздар, ал, ең әсерлі бөлімі ол – үшінші бөлім. Мұнан сіздер бельгиялық аспаздардың шоколадты дайындау шеберлігіне тәнті боласыздар. Тек бақылап қана қоймай, көкейдегі сауалдарыңызды қойып, дайын болған тәттіден дәм татып, шоколадты дайындайтын нағыз какаоны да қолға түсіре аласыздар. Епті аспаздар сіздерге әзірлеу барысында барлық құпияларын жайып салады. Шын мәнінде нағыз шоколад тек тәтті ғана емес, сонымен қатар пайдалы да екен. 

Музейдің бірінші қабатында, яғни шыға берісінде дүкен орналасыпты. Мұнда түрлі пішіндегі шоколадтар мен тәттілер сатылады. Дос-таныстарыңызға, туыстарыңызға сыйлық алуға таптырмас мекен. Қалаған пішіндегі шоколад түрін таба аласыз. Тіпті ортағасырлық мәдениет көрсеткіші есептелетін анайы пішіндегі шоколад түрлері де бар. 

 

 

Айнұр Сләмғажы,

 

Прага.

 

 

Алғашқы абзацқа гиперсілтеме қойылған жағдайда ғана материалды қайта көшіріп басуға рұқсат етіледі. 

 

1369 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper