Ә. Қастеев атындағы Өнер музейінің ұжымы 40 туындыны қайта қалпына келтірді

Жексенбі, 27 Қазан 2019 22:26
Ә. Қастеев атындағы Өнер музейінің ұжымы 40 туындыны қайта қалпына келтірді KAZMUSEUM.KZ -  

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде  реставрациялық есеп беру кеңесі өтіп, музей реставраторлары Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорынан реставрацияланған 40 туындының жұмысы жайлы есеп берді.  

Молдахмет Кенбаев, Сабыр Мәмбеев, Нағымбек Нұрмұхаммедов, Владимир Эйферт, Александр Риттих, Леонид Леонтьев, Абрам Черкасский, Гүлфайрус Ысмаилова, Әбдірашит Сыдыханов және басқа да белгілі суретшілердің кескіндеме және графикалық туындылары реставрацияланды. Бұл жұмыстардың кейбірі бүлінген және жарылған, лактың көп мөлшерде ыдырауы, бояу қабатының жойылуы кездеседі, басқаларында – пішінінің өзгеруі, қатты қабыршықталған бояу қабаты, жарықтар, сызаттар, сырылулар, түсу қаупі, ал кейбіреулері тіпті жылу желілеріндегі апат салдарынан қайнаған су тиіп күйген.  

Жоғары білікті мамандар  - музей реставраторлары Гүлжан Қалдыбаева, Күләтай Смағұлова, Анна Степенко және Гүлшат Қожамжаровалар өнер жауһарларына қайтадан жан бітіру үшін орасан зор жұмыс жасады: кірлеген тұстарын алып тастады, бояу қабатын нығайтты, өзгеріске ұшыраған пішінді жойды, лактың үстіңгі қабатын қайта жандандырды, жиектерін жасады, жойылған жерлердің орнын толтырды, ескі жамауларды жойды, кенептердің жарылған жерлерін түйістірді, жақтауларын ауыстырды, өң берді және басқа да қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

Қалпына келтіруге дейін, қалпына келтіру кезінде және одан кейін барлық жұмыстар құжатталған және фотосуретке түсірілген. Нағымбек Нұрмұхаммедовтің  «Еңбек ері  Алтайбаеваның портреті» туындысы музейдің жылу желілеріндегі апатқа байланысты  қайнаған сумен жидіп кеткен, бірақ Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің реставраторлары оны қайта қалпына келтірді.    

Аталмыш жұмыстарды Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері асқан қызығушылықпен бақылап, тағылымдамадан өтті. Олар  еліміздің жетекші реставраторларынан  баға жетпес тәжірибе алды. Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің Реставрация бөлімі аталмыш салада жоғары біліктілікті талап ететін осы секілді күрделі жұмыстармен  айналысатын бірден-бір реставрация орталығы. Осыған орай, көптеген облыстық музейлер, жеке коллекционерлер мен галереялар біздің реставрация бөліміне жүгінеді.

 

Клара ИСАБАЕВА, Баспасөз қызметінің жетекшісі

456 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper