Алматыда музей қызметкерлері халықаралық конференция өткізді (ФОТО)

Сәрсенбі, 01 Қараша 2017 14:38
Алматыда музей қызметкерлері халықаралық конференция өткізді (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Мемориалдық музыкалық аспаптар: ғылыми-зерттеу, жинау және насихаттау» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияда мемориалдық музыкалық аспаптарды жинау, ғылыми-зерттеу және насихаттау мәселелері, сонымен қатар, қазақ өнерінің дамуына үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын зерттеу және олар тұтынған мемориалдық аспаптардың музейлерге түсу жолы мен тарихының ашылуына ерекше мән берілді.

Конференцияға Қазақстанның өңірлік, облыстық музейлерінен, этнографиялық орталықтардан, ЖОО-нан қызметкер-мамандар, өнертанушы, музыкатанушы зерттеушілер келіп қатысты. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақалалар жинағы құрастырылып «Мемориалдық музыкалық аспаптар: ғылыми-зерттеу, жинау және насихаттау» атты жинақ кітабы басылып шықты. Жинақта өнер тұлғалары, аспаптанушы зерттеушілер, отандық музей мамандары мен қоса Ресей, Тыва, Саха, Өзбекстан елдерінің зерттеуші-ғалымдарының ғылыми еңбектері қамтылған.

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі ұйымдастырған Ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсаты өнертану, музыкатану, аспаптану саласының төңірегінде жүрген зерттеуші-ғалымдар мен қолы алтын шеберлердің басын қосып, оларды музей ісінде, музей мамандарымен бірлесіп зерттеулер жүргізуге жұмылдыру. Еліміздегі әр өңірлік музейлердің қорында сақтаулы құнды музыкалық мұраларымыздың тарихын ашуға, аспапты-археологиялық музыка, олардың аймақтық ерекшеліктері, жалпы аспаптану және тұлғатану мәселесінде кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алуға үндеу. Сонымен қатар, музыка аспаптарын қайта жаңғырту, олардың насихатын жүргізу мен музей саласында зерттеуші мамандардың қалыптасуны жол ашу болып табылады.

 

Қалнияз Бақытжан,

өнертану ғылымдарының магистрі,

Ықылас атындағы халық музыкалық

аспаптар музейінің ғылыми қызметкері  

2707 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper