Анонс


Теміртауда «Ұлытау әлемі» көрмесі ашылды (ФОТО)

Сәрсенбі, 30 Тамыз 2017 18:03
Теміртауда «Ұлытау әлемі» көрмесі ашылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы «Ұлытау» ұлттық тарихи - мәдени және табиғи қорық – музейімен бірлесіп, «Ұлытау әлемі» атты  көрменің ашылу салтанатын өткізді.

«Ұлытау әлемі» көрмесі ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған «Туған жер» бағдарламасын қолдау, насихаттау мақсатында жүзеге асырылды.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы Н.Ә. Назарбаев:  « ...Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген.

Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз.

Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.

  Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мав­золейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жеті­судың киелі мекендерін және басқа да жерлер­ді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлт­тық бірегейлігінің мызғымас негізін құрай­ды» - деп бағдаламаның басты мақсатын нақты ойларымен жеткізіп берді. Олай болса туған жеріміздің тарихын әспеттеуді өзіміз тұрған жерден, өлкемізде орын алған киелі жерлерді насихаттаудан  бастасақ  әрине ұтарымыз көп. Біз ұйымдастырып отырған  «Ұлытау әлемі» көрмесінің де басты мақсаты осы. 

Тамыры тереңге тартқан киелі Ұлытау өлкесінің тарихы кімді болсын қызықтырмай қоймайтыны шындық. Көрменің салтанатты ашылуына қатысқан Теміртау қаласының тұрғындары, қала қонақтары, тілшілер де аталған тақырып бойынша алғашқы көрменің Ұлытау өңірінен басталғанын өте орынды шешім деген пікір білдіріп ризашылықтарын білдіріп жатты.          

Ұлытаудың киесін сол жердің ауасын жұтып, күнделікті тіршілігін көзімен көріп, киелі топырағымен тамаша табиғатынан нәр алып жүрген тұрғылықты халқынан артық сезінеміз десек артық болар.  Көрмеге жиналған халық Ұлытау  жайлы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық музейі» ММ-нің басшысы, «Алтай-Дунай» халықаралық бітімгерлік және  «Отырар-Ұлытау» этнографиялық экспедицияларының жетекшісі  Қожахметов Бақтияр Сапарбекұлының өз аузынан естіп, құлақ салып тыңдауға тұрарлық тағлымы мол  ақпаратқа, қызықты деректерге қанық болды. «ТефаЕвразия фото» шығармашылық ұжымының төрағасы,Ұлытау музей –қорығының фотографы Ругис Дмитрий Костасович Ұлытаудың әсем табиғатымен, әлемге әйгілі тарихи-мәдени ескерткіштері жайлы фото-шежіресін көрсетіп көрерменнің Ұлытауға деген қызығушылығын одан әрі арттыра түсті.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Ұлытауға деген құремті ерекше екені анық. Бұл сөзімізге тағы бір дәлел 2014 жылдың тамыз айында Елбасының Ұлытау баурайында тебірене, толғана айтқан ойлары еді. Көрме қонақтары Елбасының  киелі Ұлытау жайлы осі бір кемел ойларын тыңдап, танымы мол сұхбаттың тағы бір куәсі бола алады. 

Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Н.Ә.Назарбаев жер-жерді аралап халықтың жағдайымен, тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көріп жүрді. Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті ретінде 1993 жылы  алғаш рет Ұлытау-Жезқазған өңіріне де ат басын бұрған еді. Осы жолғы Ұлытау халқының Елбасына көрсеткен кең пейілімен ыстық ықыласы жайлы  Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінде қызмет  істеген тілші  Ізтай Белгібайұлы былай депті «… Сол жолы ұлытаулықтар қасиетті жерге келген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты хан ретінде құшақ жая қарсы алды. «Хан ордасы» деп аталатын дала төсіне зәу­лім Хан ордасы тігіліп, Нұрсұлтан Әбіш­­­ұлының иығына оқалы шапан жабылып, асатаяғымен кәдімгідей тақта отырады. Бұл тек Ұлытау ғана жасай алатын, Ұлытау ғана орындайтын ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі салт болатын». Елбасының осы жолғы бейресми сапарына  арнайы дайындалған «Хан тағы» алғаш рет Ұ       лытаудан шығарылып  жылжымалы көрмеге қосылды.   Көрменің көзайымына айналған  «Хан тағы» Теміртау халқының және қала қонақтарының  назарына ілігіп те үлгерді.  

Көрменің басты идеялық негізі – бұл дәстүрлі қоғамдағы адам қылығының архетиптері – Ұлытаудың табиғи-мәдени ландшафтысында өзінің табиғи және материалдық көрінісін тапқан Әлем Тауы мен Әлем Ағашын, күн тәріздес символиканы көркемдік бейнелеу. Архетиптер символикасы бірыңғай көркемдік инсталляция түрінде берілді, атап айтсақ: 4 бөлікке бөлінген шеңбер дискі шаңырақты бейнелесе, шеңбердің беткі жағында орын алған фотошежіре, шеңбердің жанындағы табиғи ағаш біртұтас арт-нысанды құрады. Көрмеге қойылған фотосуреттерден және біртұтас арт-нысаннан Ұлытау кеңістігінде ғасырлар бойы  жалғасып келе жатқан ландшафтың алуан түрлерін көруге болады, атап айтсам: Қола  дәуір  металлургиясы  жетістіктері, Талдысай қонысы және көлемді орындалған қола дәуір бұйымдарының көшірмелері; Түрік  және  қыпшақ  кезеңінің  киелі  тас мүсіндері, түрік қоршаулары;  Дарынды көшпелі сәулетшілер қалаған  Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл, Дүзен, Болған ана, Дулығалы мешіті және т.б. кесенелер; Жартас өнерінің туындылары - Байқоңыр, Зыңғыр тас, Теректі Әулие; Тарихи тұлғалар мен әулие- әнбиелер жерленген Ұлытау шыңдары, дәстүрлі табынушылық пен ғибадат орыны болып саналатын Әлемдік Тау – Әулиетау; Ұлытау тұрғындары;  Міне осындай  ғажайып көріністер адам мәдениеті мен табиғи сұлулық жетістіктері біріккен Ұлытау микроәлемін құрайды – дейді көрмені ұйымдастыруға атсалысқан  «Ұлытау»  ұлттық тарихи-мәдени табиғи қорық-музейі директорының орынбасары Баян Шайгөзова.

Экспозицияның  және бір элементі ол - Әлем Ағашы.  Әлем Ағашы – тілек ағашы. Оның бұтағы мен діңі арқылы адамдардың армандары мен тілектері қайраттана аспанға көтеріледі. Көрмеге келген қонақ символдық және нақты іс-қимыл атқарады: тілек тілейді және тілек Ағашына мата қиығын байлайды. Көрме өз жұмысын аяқтаған соң көрерменнің ақ тілегі байланған ағаш Ұлытаудағы Әулиетау шыңына жол тартады. Осылай адаммен табиғат арасындағы үндестік осылай өз жалғасын таппақ.  Сенім бар жерде қашанда болашаққа сену бар. Ендеше Ұлытаудың киесіне сенейік, қасиетін қастерлеп бағалай білейік.

 

Ғалия АҚПАНБЕКОВА,

тарих магистрі,

Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы

«Экспозиция және көрмемен қамтамасыз ету»

бөлімінің басшысы 

14837 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper